2026 жылғы 12–14 сәуір күндері Түркістан қаласындағы заманауи көпфункциялы атшабарда 2009–2011 жылы туған жасөспірімдер арасында көкпардан Түркістан облысының чемпионаты өтті.
Дүбірлі додаға облыстың 7 ауданынан – Сайрам, Жетісай, Ордабасы, Келес, Қазығұрт, Түлкібас және Сарыағаш командалары қатысып, тартысты ойындар өткізді. Жас шабандоздар жоғары шеберлік пен ұйымшылдық танытып, көрермендерге әсерлі сәттер сыйлады.
Финалдық кездесуде Ордабасы мен Келес аудандары өзара мықтыны анықтады. Негізгі уақытта есеп 5:5 болып тең аяқталып, жеңімпаз «алтын салым» арқылы белгілі болды. Шешуші кезеңде Ордабасы құрамасы басым түсіп, чемпион атанды.
Жарыс қорытындысы бойынша Ордабасы ауданы бірінші орынды иеленіп, чемпион атанса, Келес ауданы екінші орынды місе тұтты. Ал Түлкібас ауданы үшінші орынға тұрақтап, Жетісай ауданы төртінші орынды қанағат тұтты.
Аталған чемпионаттың басты мақсаты – алдағы Қазақстан Республикасының чемпионатына үздік спортшыларды іріктеу. Ел біріншілігі ағымдағы жылдың тамыз айында Алматы облысы аумағында өтеді деп жоспарлануда. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы алғыс хаттармен, медальдармен және кубоктармен марапатталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1204258?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау