Ақтауда «Таза аула» экологиялық сенбілігіне 1500-ге жуық адам қатысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда
18 сәуір күні Ақтау қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Таза аула» атты ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.

Сенбілік барысында қаладағы тұрғын үй кешендерінің тұрғындары өз аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізіп, аумақтарды сыпырып, дезинфекция жасап, абаттандыру жұмыстарын қолға алды.

Сондай-ақ, іс-шара Каспий теңізі жағалауында «Самал-1» шағынауданынан бастап 15-шағынаудандағы амфитеатр алаңына дейінгі аумақта өтті. Экологиялық сенбілікке қала тұрғындары, еріктілер, кәсіпкерлер, мұнай компанияларының өкілдері мен банк қызметкерлері белсенді қатысты. Жалпы іс-шараға шамамен 1500 адам жұмылдырылды.

Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманованың айтуынша, теңіз жағасын қамыстан тазарту жұмыстарына азаматтар белсенді қатысуда.

– Қала тұрғындары бастаманы қолдап, тазалық жұмыстарына белсенді қатысып жатыр. Қазіргі уақытта қала тұрғындарының бір бөлігі өз аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізіп жатса, өзге тұрғындар теңіз жағалауында қамысты тазалау жұмыстарына жұмылдырылған. Мың жарымға жуық азамат ауызбіршілік танытып, көтеріңкі көңіл-күймен сенбілік жұмыстарына атсалысуда. Жиналған қамыстан арнайы құм қоршаулары жасалып, оларды құм тоқтату жұмыстарына пайдалану жоспарланып отыр. Бұл сенбіліктер алдағы уақытта да жалғасады. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы барлық іс-шаралар тұрғындарымыздың игілігіне бағытталған. Сонымен қатар келесі аптада түрлі номинациялар бойынша үлкен жүлделер табысталады, – деді Әсел Балманова.

Жалпы, облыс бойынша сенбілік жұмыстарына 10 мың адам, 130 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 650 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар өңір аумағында көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 250 түп ағаш отырғызылды.

 
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1205262?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version