21 сәуір күні Ақмола облысы мәслихаттарының қызметін үйлестіру кеңесінің жұмысына аудандық және қалалық мәслихаттардың төрағалары мен аппарат басшылары қатысты.
Кеңес төрағасы Бейбіт Жүсіпов жиналысты бастап, отырыстың негізгі бағыты ретінде өңірлік деңгейдегі өкілді органдардың өзара іс-қимылын атап өтті.
Мәслихаттар құрамында қоғамдық кеңестер белсенді жұмыс атқаруда. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қабдуәли Құлышев 2025 жылғы жұмыс қорытындыларымен таныстырды. Оның айтуынша, Қоғамдық кеңес нормативтік-құқықтық актілер жобаларын қарауға белсенді қатысып, әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша қоғамдық тыңдаулар, отырыстар және мониторингтер өткізеді. Жалпы, бір жыл ішінде өңірде әртүрлі форматта 766 іс-шара ұйымдастырылған.
Мәслихаттардың барлық деңгейдегі сайлау комиссияларын қалыптастыру тәртібі туралы облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Николай Политкин баяндады.
Әкімшілік рәсімдік-процестік заңнама нормаларын қолдану, сондай-ақ өтініштерді тіркеу және есепке алу қағидаларын ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті профильдік бөлімнің басшысы Ләззат Құдабаева түсіндірді.
Жиынның жеке бөлімі заманауи цифрлық құралдарға арналды. «Көкшетау Маркетинг» қауымдастығының комьюнити-лидері Қуаныш Мұқышев «Мәтіннен контентке: 2026 жылы қандай жасанды интеллект құралдарын қолдану керек» тақырыбында баяндама жасап, жасанды интеллектіні қолдану бойынша практикалық ұсынымдар ұсынды.
Отырыс сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды.
Күннің екінші жартысында қатысушылар қаладағы бірқатар нысандарды аралады. Олардың қатарында көпфункционалды «Kokshe Arena» спорт кешені, 630 орынға арналған салынып жатқан көпсалалы облыстық аурухана, сондай-ақ Digital Aqmola орталығы бар. Бағдарлама «Көкшалғын» аллеясымен серуендеумен аяқталды.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар тәжірибе алмасудың маңыздылығын және мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/1205871?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау