Бүгін мегаполисте көпсайыс бойынша көркем гимнастикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты салтанатты түрде ашылды. Төрт күнге созылатын додада елдің 18 өңірінен келген 400-ге жуық спортшы медальдар мен ұлттық құрама сапына жолдама үшін бақ сынайды.⠀
Жарыс қорытындысы бойынша мамыр айында Бішкек қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына қатысатын құрама жасақталады. Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен 14 жасқа дейінгі спортшылар қатысуда. Аталған бәсекенің маңызы туралы Қазақстан Республикасының ұлттық гимнастика федерациясының президенті Алия Юсупова пікір білдірді.⠀
⠀
«Жастар құрамасы үшін бұл — ең маңызды турнирлердің бірі. Біз іріктеу жүргізіп, қай спортшылардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін анықтаймыз. Қазір негізгі назар 2011 жылы туған гимнастшыларға аударылып отыр.⠀Олар тәжірибелі әрі келесі жылы ересектер бағдарламасына өтеді. Сонымен қатар, 2028–2029 жылдары ел намысын қорғайтын жас спортшыларды да назарда ұстаймыз. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Әлем чемпионатына қатысу үшін үздік 15 спортшының қатарына кіру қажет. Бұл оңай емес, бірақ біз бар күшімізді саламыз», — деді федерация президенті.⠀
⠀
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы чемпионаттағы бәсекелестік деңгейі өте жоғары. Жарыстың Шымкентте өтуі кездейсоқ таңдау емес. Федерация басшысының сөзінше, қаладағы мамандандырылған көркем гимнастика мектебі еліміздегі бірегей нысан саналады.⠀
«Қазақстанда бұл мектепке тең келетін мекеме жоқ. Сондықтан негізгі жарыстардың басым бөлігін осында өткіземіз. Жаттықтырушылар мен спортшылардың өзі Шымкентті таңдайды. Мұнда жаттығуға қолайлы бірнеше алаң мен кең залдар бар. Бұл әсіресе топтық жаттығулар үшін өте маңызды. Кешеннің мүмкіндіктері мен қолайлы ауа райы спортшылардың алаңсыз, жоғары деңгейде өнер көрсетуіне мүмкіндік береді», — деді федерация басшысы.⠀
Чемпионат жеңімпаздары көпсайыс қорытындысы бойынша анықталады. Жарыс нәтижесінде Бішкек қаласына баратын ұлттық құрама тізімі жарияланады. Чемпионат 25 сәуірге дейін жалғасады.⠀
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1207135?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау