Ақтөбе облысында үйде әлеуметтік қызмет көрсету саласында 300-ден астам маман күн сайын жалғыз басты қарт адамдарға, мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға көмек көрсетіп келеді. Бұл қызмет түрі олардың өмір сапасын арттыруға және күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Әлеуметтік қызметкерлер тек жалғыз тұратын азаматтарға ғана емес, мүгедектігі бар балаларға және өзге де қызмет алушы санаттарына да жан-жақты қолдау көрсетеді. Олардың міндетіне азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу, үй-жайын тазалау, тамақ әзірлеу, коммуналдық төлемдерді төлеуге жәрдемдесу, сондай-ақ қажет болған жағдайда емханаға апару және дәрігер шақыру кіреді. Барлық қызметтер белгіленген стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
Ақтөбе қалалық әлеуметтік жәрдем орталығында тәжірибелі мамандар Багдагүл Аетова мен Эльмира Бекегулова еңбек етуде. Бүгінде олардың қамқорлығында 20 қызмет алушы бар. Олар әрқайсысына аптасына екі рет барып, тұрмыстық қолдау көрсетеді.
Қызмет алушылардың айтуынша, әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі жоғары жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап етеді. Уақыт өте келе олар мамандарға сенім артып, оларды жақын адамындай қабылдай бастайды.
Әсіресе, қарт адамдар мен өзге де қызмет алушылар үшін әлеуметтік қызметтің маңызы зор. Мамандар тек тұрмыстық көмек көрсетіп қана қоймай, моральдық қолдау білдіріп, көңіл бөліп, әңгімелеседі. Мұндай қарым-қатынас олардың көңіл күйін жақсартып, өмірге деген сенімін нығайтады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-social/press/news/details/1207908?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау