Страсбург, 2026 жылғы 22-23 сәуір – Сенатор Евгений Больгерт Еуропа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясының (ЕКПА) көктемгі сессиясына қатысты.
Сапар аясында Е.Больгерт ЕКПА Президенті Петра Байрмен (Аустрия) келіссөздер жүргізді.
Сонымен қатар, қазақстандық депутат ЕКПА-ның барлық саяси топтарының жетекшілерімен екіжақты кездесулер өткізді – Жольт Немет «Еуропалық консерваторлар, патриоттар және одақтастар», Пабло Испан «Еуропалық халық партиясы», Юлиан Булай «Еуропа үшін либералдар мен демократтар альянсы», Франк Швабе «Социалистер, демократтар және жасылдар», Лаура Кастель «Біріккен еуропалық солшылдар».
Е.Больгерт әріптестерін Қазақстан Республикасындағы демократиялық үдерістердің барысы және саяси жүйені жаңғырту туралы хабардар етті.
Конституциялық реформаға ерекше назар аударылды. Еуропалық парламентарийлерге 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумның нәтижелері және Қазақстанның жаңа Конституциясының тұжырымдамалық жаңалықтары туралы жан-жақты ақпарат берілді.
П.Байрмен кездесу барысында Қазақстан мен ЕКПА арасындағы өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелері талқыланды.
Өз кезегінде, ЕКПА саяси топтарының төрағалары елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың өзектілігін атап өтіп, нақты нәтижелер мен жақсартулардың маңыздылығын көрсетті. Сонымен қатар, демократияландыру ұзақ мерзімді үдеріс екені айтылды. Еуропалық депутаттар бүкіл халықтың мүддесін білдіретін күшті Парламентті дамыту қажеттігін атап өтті.
Ассамблея Президенті мен саяси топтардың жетекшілері Қазақстанда өтетін алдағы парламенттік сайлауға ерекше қызығушылық танытты.
Пленарлық сессия аясында Е.Больгерт ЕКПА депутаты Констатинос Эфстафиумен (Кипр) кездесті. Тараптар Қазақстан мен Ассамблея арасындағы ынтымақтастық шеңберіндегі адам құқықтары күн тәртібін талқылады. Еуропалық депутатқа елдегі құқықтық ортаны жаңғырту және ішкі саяси жүйедегі құқық қорғау бағытын күшейту жөнінде объективті ақпарат ұсынылды. Өз кезегінде К.Эфстафиу Қазақстандағы «толеранттылықтың жоғары мәдениетін» атап өтті.
Сонымен қатар, Е.Больгерт ЕКПА депутаттары, Еуропа Кеңесінің институттары, халықаралық сарапшылар және дипломатиялық корпус өкілдері қатысқан «Конституциялық және парламенттік реформалар – Қазақстандағы саяси трансформацияның жаңа кезеңі» атты дөңгелек үстелде сөз сөйледі.
Спикерлер қатарында ЕКПА-ның Жольт Немет, «Социалистер, демократтар және жасылдар» фракциясы төрағасының орынбасары Бируте Весайте, Еуропа Кеңесінің саяси мәселелер және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Натали Сабанадзе, сондай-ақ франциялық Еуропадағы перспективалар және қауіпсіздік институтының президенті Эммануэль Дюпюи қатысты.
Қазақстанда өткен республикалық референдумға қатысқан халықаралық байқаушылар – бельгиялық «Diplomatic World» басылымының директоры Альберто Тюркстра және чехиялық «Free Eurasia Foundation» медиаплатформасының өкілі Ислам Текушев дауыс беру барысы мен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы туралы өз пікірлерімен бөлісті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-strasbourg/press/news/details/1207846?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау