Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында, Түркістан облысы әкімінің қолдауымен, облыстық мәдениет басқармасы және облыстық Бейнелеу өнері музейінің ұйымдастыруымен өткен «ULYLARDYN OTANY» халықаралық суретшілер симпозиумы салтанатты түрде қорытындыланды.
16–22 сәуір аралығында ұйымдастырылған ауқымды мәдени шараның негізгі мақсаты – Түркістан өңірінен шыққан ұлы тұлғалардың тарихи және рухани бейнесін кәсіби суретшілердің шығармашылық көзқарасы арқылы кенеп бетіне түсіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ халықаралық мәдени-шығармашылық байланысты нығайту болды.
Симпозиумға 7 елден 26 қылқалам шебері қатысып, 100-ден астам картина жазылды. Атап айтқанда, республика өңірлерінен және шет мемлекеттерден келген халық суретшілері, еңбек сіңірген қайраткерлер, академия мүшелері мен белгілі суретшілер тарихи тұлғалар, батырлар мен билер, ақын-жыраулар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Түркістанның көрікті орындары мен сәулеттік ескерткіштерін бейнелейтін бірқатар туындыларды дүниеге әкелді.
Симпозиум аясында жазылған шығармалардан арнайы көрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Көрермендер ұлттық рух пен тарихи танымды бейнелеген тың туындылармен танысуға мүмкіндік алды.
Қорытынды марапаттау рәсімінде симпозиумға белсенді қатысып, жоғары деңгейдегі шығармашылық жұмыстар ұсынған суретшілерге арнайы сертификаттар табысталып, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы стипендиялар мен қаржылай сыйақылар берілді.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-madeniet/press/news/details/1208375?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау