Қазақстан мен Грекия бірлескен инвестициялық жобалар жиынтығын қалыптастыруда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек  Қуантыров Грек Республикасына жұмыс сапары аясында жергілікті мемлекеттік органдар мен іскер топтар өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу және екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудегі басым бағыттар айқындалды.

Грекия Сыртқы істер министрінің орынбасары Харрис Теохариспен өткен кездесу барысында тараптар Қазақстан–Грекия экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысына дайындықты, сондай-ақ екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады.

«Қазақстан Грекияның негізгі серіктестерінің қатарында маңызды орын алады, әсіресе энергетика саласында. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, логистика және басқа да салаларда ынтымақтастықты кеңейту үшін айтарлықтай әлеует бар», – деп атап өтті грек дипломаты.

Өз кезегінде Ә.Қуантыров қазақстандық тараптың өзара іс-қимылды тереңдетуге және бірлескен бастамаларды практикалық іске асыруға көшуге дайын екенін жеткізді. «Өнеркәсіп, энергетика және инфрақұрылым салаларында бірлескен жобаларды іске қосу үшін елеулі әлеует бар. Өзара тиімділік пен тұрақты экономикалық нәтиже қамтамасыз ететін нақты бастамаларды жүзеге асыруға басымдық беру маңызды», – деді ҚР СІМ басшысының орынбасары.

Қаржы-экономикалық және институционалдық өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Грекияның Мемлекеттік кірістер жөніндегі тәуелсіз органының басқарушысы Георгиос Пицилиспен өткен кездесуде салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, сондай-ақ қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісім жасасу перспективалары талқыланды.

Қара теңіз сауда және даму банкінің президенті Серхат Кёксал және «Growthfund» (Грекияның мемлекеттік активтер мен қатысулар корпорациясы – ұлттық әл-ауқат қоры) басқарма төрағасының орынбасары Панайотис Стампулидиспен келіссөздер барысында Қазақстан аумағында инфрақұрылымдық және қаржылық жобаларға қатысуды қоса алғанда, практикалық инвестициялық ынтымақтастықты жолға қою мүмкіндіктері қарастырылды.

Грекияның іскер топтарының өкілдерімен кездесулер барысында Министрдің орынбасары «METLEN Energy & Metals», «Desserta Hellas», «CCC» және басқа да компаниялардың басшылығымен келіссөздер жүргізді. Металлургия, энергетика, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіптік сектор және өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары мен нақты қаржыландыру тетіктері талқыланды.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және Қазақстан мен Грекияның бизнес-қоғамдастықтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға өзара мүдделілігін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1208587?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version