Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тараз қаласы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығы және “Жасыл ел” еңбек жасағымен бірлесіп “Таза Қазақстан — есірткісіз өмір — жарқын болашақ” атты профилактикалық акция ұйымдастырды.
Іс-шара барысында есірткі құралдарын таратуға байланысты заңсыз интернет-сілтемелер, граффити жазбалары мен QR-кодтар анықталып, жойылды.
Сонымен қатар қалалық ортаны абаттандыру мақсатында сенбілік өткізіліп, қоршаған ортаны тазарту жұмыстары жүргізілді. Акцияның негізгі мақсаты – қауіпсіз әрі есірткіден таза қоғамдық кеңістік қалыптастыру.
Анықталған интернет-ресурстар бұғатталып, құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғаларды анықтау және ұстау бағытында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
Полиция еске салады: граффити жазбаларын салу және интернет желісінде есірткіге қатысты ақпарат тарату Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Аталған бапқа сәйкес, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, ал бұл әрекет адамдар тобы арқылы жасалған жағдайда жаза мерзімі 3 жылдан 6 жылға дейін ұлғаяды.
Сондай-ақ есірткі заттарын “жасырын орындарға қалдыру” тәсілімен таратқаны үшін ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал мұндай қылмыс білім беру ұйымдарының аумағында жасалған жағдайда, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына дейінгі қатаң шаралар қолданылады.
Егер сізге есірткі сақтау, сату немесе граффити жазбаларын салу деректері белгілі болса, “Narko Shekteu Taraz” Telegram-боты арқылы немесе тәулік бойы жұмыс істейтін 102 нөміріне хабарлауыңызды сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі.
Полиция департаменті тұрғындарды есірткі қылмысына қарсы күресте белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1208657?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау