Астанада Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Кітап апталығының ашылуына арналған мазмұнды іс-шара өтті. Кездесу барысында қатысушылар кітаптың адам өміріндегі маңызы туралы пікір алмасып, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларынан үзінділер оқыды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кітап апталығы аясында викториналық ойындар ұйымдастырылып, кітапсүйер қауымның қызығушылығын арттырды. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар аудиокітаптардың ерекшеліктеріне тоқталып, олардың заманауи, әрі қолжетімді оқу форматы екенін атап өтті. Зейнеткерлер аудиокітаптардың уақытты үнемдеуге және кез келген жерде тыңдауға мүмкіндік беретін артықшылықтарымен танысты.
Апталық аясында кітап алмасу дәстүрін дамытуға бағытталған бастамалар ұсынылды. Бұл өз кезегінде оқырмандар арасында байланыс орнатып, кітапқа деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.
Іс-шара барысында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының белсенді қатысушысы, елордалық зейнеткер, тіл жанашыры Сансызбай Мұқанов «Ерекше сөздік» атты еңбегін орталыққа тарту етіп, игі бастамаға қолдау көрсетті.
«Кітап – біздің асыл қазынамыз. Осы кітап мерекесіне орай маңызды іс-шараны ұйымдастыруға «Ұлағат» поэзия клубы ұйытқы болды. Көрмені зейнеткерлер өз қолдарымен әзірледі. Мұнда көркем әдебиеттен бөлек, тарихи және басқа да жанрдағы кітаптар қойылған. Кітап апталығы апта соңына дейін жалғасады», – деді орталықтың жетекші маманы Бақыт Қайырбекқызы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1209777?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау