Мемлекет басшысы «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығына барды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана, 2026 ж. 24 сәуір – Орталық ғылыми зерттеулер жүргізуге, білім беру бағдарламаларын іске асыруға, стартап бастамаларды дамытуға, сондай-ақ жасанды интеллект саласында қолданбалы шешімдер әзірлеуге кең мүмкіндіктер ұсынады. Іске асырылып жатқан жобалар ЖИ технологияларын мемлекеттік секторға, бизнеске және күнделікті өмірге енгізуге бағытталған. Жалпы алғанда, Орталықтың қызметі Мемлекет басшысының технологиялық тұрғыдан дамыған, заманауи және бәсекеге қабілетті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бағытын іске асыруға қолдау көрсетуге арналған.

Сапар барысында Мемлекет басшысы “Astana Smart City” жобасын іске қосты – бұл жаңа буындағы зияткерлік қалалық инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған негізгі бастама. Таныстырылым аясында “Presight” компаниясының бас директоры Томас Прамотедхам қала деректері мен жүйелерін нақты уақыт режимінде біріктіретін бірыңғай жасанды интеллект платформасын, сондай-ақ оны басқару тиімділігін арттырудағы практикалық қолданылуын көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ бірқатар білім беру бастамаларының іске қосылуына қатысты. Президенттің тапсырмасымен 2024 жылы “Astana Hub” базасында “Tomorrow School” жасанды интеллект мектебі құрылды, оның табысты моделі бүгінде бүкіл ел бойынша кеңейтілуде. Телемост форматында Мемлекет басшысы “Tomorrow School” филиалдарының 14 өңірдегі желісін іске қосты. Оқу тегін болады және 18 жастан асқан барлық азаматтарға, соның ішінде ақпараттық технологиялар саласында алғашқы қадам жасап жатқан адамдарға қолжетімді.

Тағы бір білім беру платформасы – “TUMO Astana” креативті технологиялар орталығы – цифрлық және шығармашылық дағдыларды дамытуға ниетті 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған. Оқыту 11 техникалық және креативті бағыт бойынша жүргізіледі, оның ішінде генеративті ЖИ, бағдарламалау, ойын әзірлеу, анимация, 3D модельдеу, робототехника, киноөндіріс және цифрлық музыка бар.

Президентке жасанды интеллект саласындағы зерттеу университетін құру тұжырымдамасы да таныстырылды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтуынша, университет Alem.ai базасында құрылатын болады. Студенттер alem.cloud, AlemLLM және Astana Hub ресурстарын қамтитын ұлттық ЖИ инфрақұрылымына қол жеткізе алады. Оқу бағдарламаларын бастау 2026 жылғы 1 қыркүйекке жоспарланған.

Интерактивті форматта Қасым-Жомарт Тоқаев «Games of the Future 2026» халықаралық турниріне кері санақты бастады. Бұл бірегей фиджитал жарыс Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына отандық CryptoPay жүйесі арқылы жүзеге асырылған Қазақстандағы алғашқы криптовалюталық төлем таныстырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1208785?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version