7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында елімізде патриоттық рухты көтеретін, әскери қызметтің заманауи келбетін танытатын идеялар ерекше маңызға ие. Осындай тың бастамалардың бірі – ҚР ІІМ Ұлттық ұланы жүзеге асырып жатқан National Guard Next Generation жобасы. Ал Guard Next аталған ауқымды жобаның музыкалық бағыты.
Guard Next аясында Ұлттық ұланның үлгілі-көрсетілімді оркестрі Астана қаласындағы жоғары оқу орындарында өнер көрсетіп, студенттерге ерекше музыкалық кеш сыйлауда. Бұл концерттер тек мәдени шара ғана емес, сонымен қатар жастарды Отан қорғау ісіне баулитын, олардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыратын маңызды алаңға айналып отыр.
Әскерилерден құралған үрмелі аспаптар оркестрі әлемдік хиттер мен отандық әндерді жаңа форматта ұсынып, тыңдарманға ерекше әсер қалдыруда. Заманауи поп-попуррилер мен ретро әуендердің үйлесімі жастарға жақын атмосфера қалыптастырып, әскердің тек қатаң тәртіп қана емес, рухани-мәдени әлеуеті жоғары орта екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, концерттік бағдарламадағы әскери дефиле элементтері мен Құрмет қарауылы ротасының көрсетілімдері кештің әсерін күшейтіп, көрерменге ұмытылмас эмоция сыйлайды.
Осы ретте мұндай бастамаларда «Заң мен тәртіпті» насихаттаудың маңызы ерекше, өйткені құқықтық мәдениеті жоғары қоғам ғана тұрақты дамып, қауіпсіз әрі әділетті орта қалыптастыра алады.
Әскери қызметтің негізінде жатқан тәртіп, жауапкершілік және заңға құрмет секілді құндылықтар концерттік бағдарламалар арқылы көрініс тауып, жастарға нақты үлгі болады.
Айта кетейік, жуырда дәл осы National Guard Next Generation мега жобасы аясында “BOOKGUARD” әдеби челленджі бастау алған болатын.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1210038?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау