Қарағанды облысының әкімі Беларусь елшісімен кездесті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысына Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Богданов жұмыс сапарымен келді. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевпен өткен кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және бірқатар салалардағы өзара іс-қимылдың әлеуеті талқыланды.

Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды облысының елдегі ірі индустриялық орталықтардың бірі екенін атап өтті. Өңір кәсіпорындарының өнімі әлемнің 50-ден астам еліне, соның ішінде Беларуське экспортталады. 2026 жылдың алғашқы екі айында өңір мен Беларусь арасындағы сыртқы сауда айналымы 7,7 миллион АҚШ долларын құрады.

Бүгінде облыста беларусь капиталының қатысуымен 32 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар өнеркәсіп, сауда, құрылыс, көлік және басқа да салаларды қамтиды. Сонымен қатар, Қарағанды облысы мен Беларусь Республикасының бірқатар өңірлері арасындағы әріптестік байланыстар жүйелі түрде нығайып келеді. Бұған дейін Минск, Брест, Гомель, Витебск және Могилёв облыстарымен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалған.

— Біз өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз және Беларусь компаниялары үшін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Оның айтуынша, өңірде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, білім беру, денсаулық сақтау және IT салаларында өзара іс-қимылды кеңейтуге әлеует жеткілікті.

Өз кезегінде елші Алексей Богданов жылы қабылдау үшін облыс басшылығына алғыс білдіріп, әріптестік қатынастарды одан әрі нығайтуға сенім білдірді.

— Өткен жылдың қорытындысы бойынша оң динамика қалыптасты. Ынтымақтастықты тереңдетуге мүмкіндік беретін бағыттар көп. Сіздердің өңір — индустриялық аймақ, даму әлеуеті жоғары, —деді елші.

Кездесу барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, аграрлық сектор және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларында іскерлік байланыстарды нығайту жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1211740?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version