Бангкок, 2026 жылғы 29 сәуір – Бангкок қаласында Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілетуге және туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған «Kazakhstan Tourism Potential: Presentation & Guidebook Launch» атты кеңейтілген презентация мен дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара барысында Қазақстанның Таиландтағы Елшісі М. Баймұхан туризм саласындағы Қазақстан-Таиланд қатынастарының тұрақты даму қарқынын атап өтті. Оның айтуынша, 2025-2026 жылдары Таиландқа барған қазақстандықтардың саны 175 мыңнан асып, бұл елдің туристік бағыт ретінде жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді. Сонымен қатар, тайлық туристердің Қазақстанға деген қызығушылығы артып келеді – осы кезеңде елімізге шамамен 10-15 мың Таиланд азаматы келген.
«Туристік ағынның өсуіне ықпал ететін маңызды факторлардың бірі – екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасының кеңеюі. Қазіргі уақытта Бангкок пен Алматы, Шымкент қалалары арасында, сондай-ақ Пхукет пен Астана, Алматы бағыттары бойынша аптасына 23 тікелей рейс жүзеге асырылады. Бұл рейстерді «Air Astana», «SCAT Airlines» және «AirAsia X» әуе компаниялары орындайды, бұл саяхатты барынша қолжетімді әрі ыңғайлы етеді», – деп атап өтті М. Баймұхан.
Іс-шарада тай тілінде жарық көрген “Complete Travel Guide Kazakhstan” туристік жолсілтемесінің таныстырылымына ерекше назар аударылды. Бұл басылым тай аудиториясының Қазақстанның мәдени және табиғи әртүрлілігі туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, “Air Astana” әуе компаниясының қолдауымен қатысушылар арасында Қазақстанға авиабилет ұтысқа тігілді.
Іс-шара барысында Таиланд Сыртқы істер министрлігінің аппарат басшысы Чакриенорратип Севикул Таиланд пен Қазақстан арасындағы екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, туризм саласындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетіне назар аударды. Сондай-ақ, ол бірлескен бастамаларды жандандыру туристік алмасуды кеңейтуге, мәдени байланыстарды тереңдетуге және екі ел арасындағы өзара тиімді әріптестікті дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Бағдарлама аясында тай блогерлері мен «Kazakh-Thai Alliance» қауымдастығының өкілдері Қазақстанға жасаған сапарлары туралы тәжірибелерімен бөлісіп, танымал туристік бағыттар мен елдің ерекшеліктері туралы айтып өтті.
Қазақстан мен Таиланд арасындағы туристік ынтымақтастық бүгінде елеулі жетістіктермен және тұрақты оң динамикамен сипатталады, бұл өзара қызығушылық пен сенімнің жоғары деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар, тараптар жаңа ауқымды бастамаларды іске асыруға ниетті. Болашақта туристік бағыттарды кеңейту, инвестициялық өзара іс-қимылды жандандыру және қонақжайлылық саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, оның ішінде Қазақстанда тай қонақүйлерін ашу және жаңа әуе бағыттарын іске қосу жоспарлануда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-thailand/press/news/details/1212310?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау