ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ҚАЗАҚСТАНДА ДӘРІ-ДӘРМЕК БАҒАСЫНЫҢ ШАРЫҚТАП ӨСУІН РАСТАМАЙДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында сарапшыларға сілтеме жасай отырып, Қазақстанда дәрілік заттардың бағасы жедел өсіп жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Жекелеген дәрі атаулары бойынша бағаның 52%-дан 66%-ға дейін өсуі туралы мәлімет те расталмайды.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті пациенттердің қаржылық жүктемесін азайту және негізсіз үстеме бағаларды болдырмау мақсатында дәрілік заттарға шекті бағаларды қалыптастыру тетігін енгізді.
Қазіргі уақытта бөлшек сауда желісінде сатылатын 4994 сауда атауына шекті бағалар белгіленген. Бұл тізбеге жүрек-қан тамырлары жүйесі, тыныс алу ағзалары, инфекциялық ауруларды және басқа да кең таралған ауруларды емдеуде қолданылатын препараттар енгізілген.
Фармацевтикалық қызмет субъектілері дәрілік заттарды белгіленген шекті бағадан асырмай сатуға міндетті.
Елдің 20 өңірінде жүргізілген мониторингтің нәтижесі бойынша, 2026 жылғы наурызда 2025 жылғы маусыммен салыстырғанда 631 атау бойынша баға орта есеппен 24,6%-ға төмендегені тіркелді.
Реттелетін сегментте дәрілік заттардың 50%-дан астамы тұрақты деңгейін сақтап отыр, ал препараттардың 25%-ында баға төмендегенін атап өткен жөн.
Сонымен қатар, 1707 рецептісіз берілетін препарат мемлекеттік реттеуге жатпайды және нарық қағидаттары бойынша сатылады. Олардың ішінде 2025 жылмен салыстырғанда бағасы 5%-дан 15%-ға дейін аздап өскен дәрілер бар, ал кейбір позициялар бойынша 11%-ға дейін төмендеу байқалады.
Мысалы, 2025 жылы 20 таблеткадан тұратын парацетамолдың бағасы 200 теңге болса, 2026 жылы таңбалау ақпараттық жүйесінің деректері бойынша 188 теңгені құрап, 6%-ға төмендеген.
Белсендірілген көмір 2025 жылы бөлшек саудада 130 теңгеден сатылса, 2026 жылы 144 теңгеге дейін өсіп, 9%-ға қымбаттаған.
Сонымен қатар, кейбір БАҚ хабарлағандай жекелеген препараттар бойынша бағаның 52%-дан 66%-ға дейін өсуі расталмайды.
Бұдан бөлек, тіркелген дәрілік заттардың 3000-нан астамы (44%) ТМККК және МӘМС шеңберінде ҚҚС-тан босатылған, оның ішінде әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеуге арналған 1200 дәрі бөлшек саудада да ҚҚС-тан босатылған.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті дәрілік заттардың бағасын реттеу және олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1212561?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version