Қазақстан халқының бірлігі күніне орай елордадағы «Жастар» сарайында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық ұжымдарының «Жастар LIVE» атты есеп беру концерті өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ең әуелі іс-шара барысында қонақтар үшін интерактивті бағдарламалар, көрме мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Ал одан кейін негізгі сахнада «Жастар» сарайының түрлі шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.
Одан кейін «М-АРТ» театр студиясының әсерлі прологымен басталған шығармашылық кеш«Ровесник» ансамблінің «Пульс города» биімен жалғасты. Бағдарлама барысында ұлттық күйлер шертіліп, «Көңіл сазы» мен «Дулыға» ансамбльдері қазақтың дәстүрлі музыкасынан көрерменге шашу шашты. Ал «Меруерт», «Время», «Радуга» ұжымдары әлем халықтарының билерін ұсынып, көрерменді түрлі мәдениеттермен таныстырды. Вокал жанрында Данеля Гендашева, Жасмин Тлеумбетова, Данияр Оралбай және «Балапан саз» ансамблі өнер көрсетіп, жүрекке жылы әндер орындады. Бұдан бөлек, балаларға арналған көңілді билер, заманауи брейк-данс, театрлық қойылымдар да кештің мазмұнын байыта түсті.
«Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мереке барша халықтың бір игілікке, бір қуанышқа ұйысуын көрсетеді. Осыған орай біздің шығармашылық ұжым да бір жылдық шығармашылық еңбектің қорытындысы ретінде осы концертті ұйымдастырып отыр. Көрермендерге хореография, вокал және театр жанрындағы үздік нөмірлер ұсынылды. Концерттің басты мақсаты жас өнерпаздардың шығармашылығын дамыту, олардың мәдени әлеуетін арттыру және бірлік пен достық құндылықтарын дәріптеу», – деді «Жастар» сарайының креативті продюсері, ұйымдастырушы Алексей Фетисов.
Ал концерт финалында барлық ұжым қатысқан қорытынды ән орындалып, осылайша кеш бірлік, шығармашылық және шабыт атмосферасында жоғары деңгейде қорытындыланды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1212987?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау