ШҚО-дағы Қазақстан халқының бірлігі күні: концерттер, жәрмеңкелер мен мерекелік көңіл-күй

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін, 1 Мамыр күні, Шығыс Қазақстан облысының орталығында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Қазақ елі – татулық мекені» атты ауқымды іс-шара өтті.

Республика алаңында Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтарына «Бірлігі жарасқан – Қазақстан» атты мерекелік бағдарлама ұсынылды. Онык басты ерекшелігі – шығармашылық ұжымдардың концерті. Сонымен қатар мерекн аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, ниет білдірушілерге арналған ойындар, қолөнер шеберлерінің көрмесі және мерекелік сауда ұйымдастырылды.

Ал Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының алаңында концерттік бағдарлама, этномәдени көрме мен жәрмеңке өтті.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңір тұрғындарын құттықтады. Өз сөзінде ол бірлік, келісім және өзара құрмет қоғамның басты құндылықтары әрі елдің тұрақты дамуының негізі болып қала беретінін атап өтті.

– Шығыс Қазақстан – тарихи тұрғыдан алғанда тату қарым-қатынас пен өзара түсіністік мәдениеті қалыптасқан, көпұлтты өңірлердің бірі, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекенің негізгі бөлігі этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары мен солистері қатысқан концерттік бағдарлама болды. Концерттің ерекшелігі – «жанды кеңістік» форматында өтуі, яғни көрермен алаң ішінде еркін қозғалып, мерекелік атмосфераны сезіне алды.

Сахнада Қазақстанда тұратын түрлі этностардың мәдениеті, олардың өзіндік ерекшелігі мен салт-дәстүрлері кеңінен таныстырылды. Бағдарламаның барлығы достық пен бірлік идеясымен ұштастырылды.

Әр бірлестік өз мәдениетінің элементтерін ұсынды: ұлттық киімдер мен тағамдар, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, тұрмыстық заттар және дәстүрлі мәдениет үлгілері көрмеге қойылды. Қонақтар түрлі халықтардың мәдениетімен танысып, этномәдени бірлестіктер өкілдеріне сұрақтар қойып, ұлттық киімдермен естелік суретке түсуге мүмкіндік алды.

Сондай-ақ көшпелі этнографиялық музей көрмесінде дәстүрлі тұрмыс заттары, ұлттық киім үлгілері, қолөнер бұйымдары және Шығыс Қазақстанда тұратын халықтардың мәдениеті мен салт-дәстүрінен сыр шертетін тарихи материалдар таныстырылды.

Мерекенің ерекше бөлігі ретінде халықтық серуеннің атмосферасын жеткізген жәрмеңке ұйымдастырылды. Мұнда ұлттық тағамдар, кәуап, көше тағамдары, ауыл шаруашылығы өнімдері (бал, сүт өнімдері, нан-тоқаш және т.б.), халық шеберлері мен қолөнершілердің бұйымдары ұсынылды.

Балалы отбасылар үшін арнайы ойын алаңы жасақталып, онда түрлі этностардың ұлттық ойындары ойын-сауық форматында өткізіліп, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды.

Ал арнайы жабдықталған алаңда қонақтар мен қатысушылар садақ ату спортының тарихы және ерекшеліктерімен танысып, нұсқаушылардың жетекшілігімен өз күштерін сынап көрді.

Көпшіліктің ерекше назарын «Бірлік баннері» арт-нысаны аударды. Онда кез келген адам тілегі мен жылы лебізін қалдыра алды. Сондай-ақ естелікке суретке түсетін аймақ жұмыс істеді.

Мереке ашық форматта өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарын достық пен мәдени әралуандық атмосферасында біріктірді.

Ал кешкі сағат 18:00-де Республика алаңында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Достық толқынында – 2026» облыстық студенттік фестивалі өтеді.

Оған Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Жоғары колледжі, С. Аманжолов атындағы ШҚУ Жоғары колледжі, Өскемен жоғары политехникалық колледжі, Өскемен медициналық-стоматологиялық колледжі, Өскемен жоғары медициналық колледжінің студенттері және Ұлан ауданы балалар музыка мектебінің тәрбиеленушілері қатысады.

Бағдарламаның екінші бөлімінде Қазақстан-Американдық еркін университеті, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері сахнаға шығады. Іс-шара соңында фестивальдің үздік қатысушыларын марапаттау рәсімі өтеді.

Ал мерекелік күн қаланың орталық субұрқағын іске қосумен аяқталады.

(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1213001?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version