29 сәуірде Ақтөбе қаласында Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеттің ұйымдастыруымен өткен ауқымды бос орындар жәрмеңкесіне Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкерлері қатысып, жастарды полицияға жұмысқа шақырды.
Биылғы университет бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыруға ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған шараға студенттер мен түлектер белсенді қатысып, онда облыс орталығынан ғана емес, барлық аудандардан да жұмыс берушілер, өңірдегі барлық құқық қорғау органдарының өкілдері бос лауазымдарын ұсынды.
Жастардың көпшілігін қаржы саласы, психология, спорт, заңгерлік мамандықтар бойынша полицияға орналасу мәселелері қызықтырды. Әсіресе, арнайы жасақ қызметкерлерін көрген бозбалалар ерекше қызығушылық білдіріп, олардан полицияның арнайы жасағына орналасу талаптарын жан-жақты сұрады.
Полиция қызметкерлері жәрмеңкеде жүгінген әрбір жасқа толық түсіндірме беріп, түлектерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Оларға жұмысқа орналасуға қажетті құжаттар ғана емес, физикалық нормативтер және денсаулық көрсеткіштеріне қатысты да түсіндіріліп, ішкі істер органдарына жұмысқа келуге ұсыныстар білдірілді.
«Жастарды құқық қорғау саласына жұмысқа келуге ынтасының жоғары екені қуантады. Бос орындар жәрмеңкесіне келген жастарды тек жұмысқа қабылдау тәртібі емес, әлеуметтік қамтамасыз ету, яғни жалақы, тұрғын үймен қамту сияқты сұрақтар да қызықтырды. Оларға ішкі істер органдарында қызмет ету тәртібі мен артықшылықтары туралы айтып, қаржыгер, тергеуші, патрульдік полиция және тағы басқа көптеген мамандықтар бойынша жұмысқа шақырдық» – дейді Ақтөбе облысы полиция департаменті Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының аға инспекторы Медет Кенжебек.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1213071?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау