2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай форматта жүргізу шеңберінде 10,7 мың өтініш қаралды, бұл мүгедектікті белгілеу мәселелері бойынша келіп түскен өтініштердің жалпы санының 45%-ын құрайды.
Сырттай проактивті куәландыру онкологиялық аурулар, барлық локализациядағы туберкулез, туа біткен және жүре пайда болған анатомиялық ақаулар, психикалық бұзылулар, балалардағы бірінші типті қант диабеті, мукополисахаридоз, сондай-ақ ағзаларды трансплантациялаудан кейінгі жағдайлар және басқа да аурулар мен жай-күйлер бойынша кең ауқымда қолданылады. Қазіргі уақытта бұл формат 70-тен астам нозологиялық нысандарды қамтиды.
Сырттай форматты енгізу мемлекеттік қызметті алу рәсімін едәуір жеңілдетуге және оның азаматтар үшін қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, келесі нәтижелерге қол жеткізілді: әкімшілік және бюрократиялық кедергілер азайтылды, медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесінде қабылданатын шешімдердің ашықтығы қамтамасыз етілді, қызметтерді жеке баруды қажет етпей алу мүмкіндігі жасалды, сондай-ақ қызмет алушы мен қызмет көрсетуші арасындағы тікелей байланысқа байланысты тәуекелдер барынша төмендетілді.
Медициналық-әлеуметтік сараптаманың сырттай форматы әлеуметтік саланы цифрландырудың маңызды элементі болып табылады және халық үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін, сапасын және тиімділігін арттыруға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/lspm/press/news/details/1213150?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау