1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Келес ауданында бұқаралық марафон ұйымдастырылып, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған ауқымды іс-шара жоғары деңгейде өтті. Таңғы сағат 08:00-де Абай ауылындағы №13 колледж маңына жиналған қатысушылардың қарасы қалың болды. Жалпы саны 100-ге жуық адам қатысқан марафонға аудан тұрғындары, жастар, спорт сүйер қауым және түрлі сала өкілдері белсенді түрде атсалысты.
Марафон барысында қатысушылар белгіленген қашықтықты бағындырып, өзара бақ сынасты. Әр жастағы тұрғындардың қатысуы іс-шараның ауқымын арттырып, оның шынайы халықтық сипат алғанын көрсетті. Жарыс бойы қатысушылардың бойынан жігер, төзімділік және мерекелік рух айқын сезілді. Мәре сызығында қатысушыларды Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы күтіп алып, жарысқа қатысушыларға ризашылығын білдірді.
– Бүгінгі марафон – тек спорттық жарыс қана емес, бұл – бірлігіміздің, ынтымағымыздың айқын көрінісі. Қазақстан халқының бірлігі күні – баршамызды ортақ мақсатқа жұмылдыратын маңызды мереке. Осындай игі бастамалар арқылы біз салауатты өмір салтын қалыптастырып қана қоймай, қоғамдағы татулық пен достықты нығайта түсеміз. Барша қатысушыларға алғысымды білдіремін және алдағы уақытта да белсенді болуға шақырамын, – деп атап өтті аудан басшысы.
Іс-шара қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар марапатталып, барлық қатысушыларға алғыс білдірілді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай көпшілікке арналған спорттық шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді. Келес ауданында өткен бұл марафон – бірлік пен белсенді өмір салтының жарқын көрінісіне айналып, мерекелік күннің мән-маңызын айшықтай түсті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1213949?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау