Президент Үкіметке цифрлық экономиканың ЖІӨ-ге әсерін бағалау бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект негізіндегі жаңа технологиялық құрылымға көшу қазіргі жағдайды объективті бағалауды талап етеді деп санайды.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмаса, жасанды интеллектіден пайда жоқ»

Президент әлемдік деңгейдегі жетекші зертханалардың соңғы деректеріне сүйене отырып, дамыған және дамушы экономикалар арасындағы алшақтық тез ұлғайып келе жатқанын атап өтті.
– Жасанды интеллектінің бір ерекшелігі – капитал да, технология да көшбасшылардың қолына шоғырланады. Уақтылы әрі батыл шешім қабылдамаса, ертең «технологиялық алшақтықты» қысқарту қиынға соғады. Бұл – Қазақстан үшін алаңдатарлық ахуал. Қазіргі жағдайды егжей-тегжейлі саралап, нақты интеллектуалдық өнімдер жасауға қабілетіміз қаншалықты жететінін анық түсіну керек. Еліміз классикалық «Орта табыс дағдарысына» тап болды деген сарапшылардың пікірімен келіспеске амал жоқ. Мұндай кезде табиғи ресурстар мен арзан жұмыс күші секілді дәстүрлі ресурстар сарқыла бастайды, ал экономикалық өсімге серпін беретін жаңа салалар тиісті деңгейде дамымайды немесе іске қосылмайды. Экономиканың тұралауына жол бермеу үшін үлкен цифрлық платформалар құру қажет. Сол арқылы цифрлық экономикаға жедел ауысу амалын іздеген дұрыс. Мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмаса, жасанды интеллектіден пайда жоқ. Осы орайда мемлекеттік сервистерді көзге көрінбейтін, бірақ өте тиімді операциялық жүйеге трансформациялау керек. Сонда шамадан тыс бюрократиялық талаптардан құтыламыз. Қазіргі жүйе бойынша сұраныс жіберуден бастап шешім қабылдауға дейінгі аралыққа бірнеше күн немесе бірнеше апта кетеді. Негізі, аталған цикл бірнеше секундқа дейін қысқаруға тиіс. Сол кезде елдегі капитал айналымы жеделдей түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жасанды интеллект саласындағы негізгі мемлекеттік жобаларға тоқталды

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, цифрлық экономиканың әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі 15 пайыздан асқан. Бұл жаһандық бәсекенің тауар нарығынан дерекқор мен стандарттар нарығына қарай ойысқанын анық көрсетеді.

– Бүгінгі өзгерістердің әсерін еліміз әлі толық сезіне қойған жоқ. Өткен айда Қазақстан бірыңғай кедендік рәсімдеу платформасына өтті. Енді декларация толтыру уақыты бір минуттан аспайды, құжаттардың басым бөлігі автоматты түрде қаралады. Сонымен қатар Smart Cargo ұлттық логистика платформасы жасалып жатыр. Ол 127 дерек көзіне тікелей қосылады. Тұғырнама адал жұмыс істейтін компанияларға шекарадан тез арада өтуге мүмкіндік береді. Салық саласында да түбегейлі өзгерістер орын алды. Салықтық әкімшілендірудің біртұтас жүйесі құжаттарды өңдеу уақытын бір сағаттан бір минутқа дейін қысқартып, екі миллион салық төлеушінің сервисті пайдалануын жеңілдетті. Smart Data Finance платформасының іске қосылуы – елеулі жетістіктердің бірі. Жүйе мобильді аударымдардан бастап ұшақпен сапарлауға дейінгі әрекеттердің бәрін қамтитын 78 дереккөзден аналитикалық мәлімет жинайды. Бюджетке онлайн-мониторинг жасау жүздеген миллиард теңге тәуекелі бар төлемдердің алдын алады. Ұлттық тауарлар каталогына 23 миллионнан астам өнім түрі енгізілді. Осы арқылы мемлекеттік сатып алулардың болжамдық-талдамалық моделі жасалып, жыл сайын 200 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдеуге болады, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы: «Цифрлық теңгені кеңінен қолдану шын мәнінде «ойын ережесін» өзгертеді

Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы цифрландыру заман талабы екенін айтты. Бұл ретте Президент Біріккен Араб Әмірліктері қолма-қол төлемсіз экономикаға көшуді жоспарлап отырғанын мысалға келтірді.

Қытайдан да үлгі алуға болады. Көршілес ел жыл сайынғы триллион доллар транзакцияларды цифрлық платформада өңдеу ісін жолға қойды.

– Қазақстан да бұл бағытта оң нәтижеге қол жеткізді: еліміздегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 80 пайыздан асты. Осы жиынға қатысып отырған отандық фин-тех компаниялар кәсіби деңгейлері жоғары екенін көрсетті. Цифрлық теңгені кеңінен қолдану шын мәнінде «ойын ережесін» өзгертеді. Өйткені бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етіп, транзакция үшін алынатын комиссиялық төлемдердің шығынын қысқартады. Бұл Қазақстанның дүние жүзінен көбірек капитал тартып, жетекші инвестициялық және қаржылық орталыққа айналуына көмектесуге тиіс. Былтыр елімізде алғаш рет цифрлық активтер мен криптовалютаны реттейтін құқықтық база қалыптасты. Жылжымайтын мүлікті, алтынды, ірі өндіріс кәсіпорындарының акцияларын және басқа да активтерді токенизация жасауға мүмкіндік пайда болды. Мақсатымыз – аймақтағы жетекші криптохабқа айналу. Үкімет пен Ұлттық банк цифрлық активтерді дамытудың басты бағыттарын бекіткені жөн. Бұл – шұғыл міндет, уақыт күтпейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент «нақты уақыт экономикасына» көшу өте маңызды екеніне назар аударды. Себебі дәстүрлі жүйеде мемлекет үнемі «ізінен қуып» отырады.

– Мысалы, бюрократиялық рәсімдер мен бітпейтін келісулер қаржының тиімділігін 30 пайызға дейін азайтады. Тексеріс салық жинау кезеңінің қорытындысы бойынша жүргізіледі. Ал ол кезде бюджет қаржысы әлдеқашан игеріліп қояды. Жасанды интеллект арқылы күшейтілген платформалық тәсіл бұл ретте едәуір алға озуға жағдай жасайды. Атап айтқанда, үздіксіз предиктивті мониторинг мақсатсыз немесе күмәнді транзакцияларды алдын ала анықтайды. Бұл ретте тек мемлекет ресурсына сенім арту стратегиялық тұрғыдан қате екенін ескерткім келеді. Қабылданған платформалық шешім жеке капиталдың бәсекеге қабілеттілігін сақтайтын басты құрал болуға тиіс. Негізгі міндет – осындай институционалдық орта қалыптастыру. Үкімет бизнесті ынталандыратын нақты ұсыныстар енгізуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы цифрландыру тиімділігін арттыру үшін өлшемді көрсеткіштер қажет екенін еске салды

– Есепсіз немесе көзге көрінбейтін дүниені басқару қиын. Сондықтан Үкімет көп созбай, ведомстволар деңгейіндегі жағдайға базалық есеп жүргізетін жүйені қолданысқа енгізгені жөн. Бұған салғырт қарауға болмайды, жұмысты кешіктірмеу керек. Цифрландыру мен мемлекеттік жобалардың пайдасын жан-жақты зерделеу қажет. Үкімет Digital Qazaqstan стратегиясы аясында «ізашар жобаларды» іріктеп шығарды. Оларды мұқият сараптап, экономикаға тікелей әсерін анықтау керек. Жалпы, қай салада болсын, түпкі нәтижеге жету үшін әркім жеке жауапкершіліктен қашпауы қажет. Бізде басқа таңдау жоқ: не тиімді цифрлық экономика құрамыз, не өркениет көшінің соңында қаламыз. Басқаша айтқанда, «не боламыз, не бордай тозамыз», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, зияткерлік капиталды күшейтіп, еңбек өнімділігін арттырмаса, тек демографиялық өсім бәсекеге қабілетті ел болуға кепілдік бермейді.

– Кеңестің осыған дейінгі отырысында қабылданған шешімге сай биыл Орталық Азиядағы алғашқы Жасанды интеллект университеті ашылады. Шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестік құру арқылы іргелі және қолданбалы ғылымды дамытуды қолға алдық. Бірнеше жобаның тізімі жасалды. Олар барынша жедел таратылуға тиіс. Үкімет қысқа мерзім ішінде «ғылымнан нарыққа дейінгі» кезеңдерді түгел қамтитын тізбек жасауы керек. Алдымызда қолданбалы әзірлемелерді тез арада коммерцияландыру, салықтық ынталандыру және келешегінен көп үміт күттіретін жобаларды бірлесе қаржыландыру құралдары қарастырылған толыққанды венчурлық экожүйе қалыптастыру міндеті тұр. Мұндай пәрменді тетік болмаса, ғылыми әлеуетіміз тек академиялық ортамен шектеліп қалады, – деді Мемлекет басшысы.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-zhdanov/press/news/details/1213751?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version