Құрметті аудан тұрғындары!
Өлкеміздің тазалығы мен абаттандырылуы – тек мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. «Таза Қазақстан» бастамасы қоршаған ортаға, ортақ үйімізге ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Біздің аудан – отбасыларымыз өмір сүретін, балаларымыз өсіп, болашақ қалыптасатын мекен. Сондықтан оны таза, жайлы әрі қауіпсіз күйде сақтау аса маңызды. Қазіргі таңда аумақтарды тазарту, көгалдандыру, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, сіздердің қолдауларыңызсыз бұл жұмыстар толыққанды нәтиже бермейді.
Өткен жылы Алтай қаласында «Үлгілі үй», «Үздік подъезд», «Үздік аула» байқаулары сәтті өткізілді. Бұл бастамалар тұрғындар тарапынан кең қолдау тауып, тазалық пен тәртіп мәдениетін арттыруға оң ықпалын тигізді. Биыл да осы тәжірибені жалғастырып, барлық тұрғындарды белсенді қатысуға шақырамыз.
Әр бейсенбі сайын ауданда сенбіліктер өткізіледі. Оған тұрғындармен қатар мемлекеттік қызметшілер де белсенді түрде қатысуда. Бұл – бірлескен күш-жігер арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізуге болатынының айқын дәлелі.
Әрбір тұрғынды бейжай қалмауға шақырамын. Аулалар мен көшелерде тазалық сақтап, сенбіліктерге қатысып, табиғатқа жанашырлықпен қараңыздар. Әрқайсымыздың кішкентай үлесіміз – ортақ мақсатқа бастар үлкен қадам.
Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлуді сұраймын. Қоршаған ортаға құрмет пен еңбекке жауапкершілік бала кезден қалыптасады. Балаларымызға үлгі болайық.
Бірлескен күш-жігердің арқасында ауданымызды тазалықтың, тәртіптің және экологиялық жауапкершіліктің үлгісіне айналдыра аламыз деп сенемін.
Тек бірге біз шын мәнінде таза әрі гүлденген Қазақстанды құрамыз!
Құрметпен,
Алтай ауданының әкімі
Ренат Курмамбаев
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-altai/press/news/details/1213601?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау