Тоқаев: «Не тиімді цифрлық экономика құрамыз, не өркениет көшінің соңында қаламыз»

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматыда өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы цифрландырудың тиімділігін арттыру үшін нақты өлшемді көрсеткіштер қажет екенін айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Мемлекет басшысы цифрлық жобалардың ел экономикасына қосатын үлесін жан-жақты бағалау маңызды екенін атап өтті.

Президенттің сөзінше, есепке алынбайтын немесе нақты көрсеткішпен өлшенбейтін саланы тиімді басқару мүмкін емес. Осыған байланысты Үкіметке ведомстволар деңгейінде базалық есеп жүргізетін жүйені жедел енгізу тапсырылды.

– Есепсіз немесе көзге көрінбейтін дүниені басқару қиын. Сондықтан Үкімет көп созбай, ведомстволар деңгейіндегі жағдайға базалық есеп жүргізетін жүйені қолданысқа енгізгені жөн. Бұған салғырт қарауға болмайды, жұмысты кешіктірмеу керек. Цифрландыру мен мемлекеттік жобалардың пайдасын жан-жақты зерделеу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, қазіргі таңда Үкімет Digital Qazaqstan стратегиясы аясында бірқатар «ізашар жобаларды» іріктеп шығарған. Ендігі міндет – олардың экономикаға нақты әсерін саралап, тиімділігін анықтау.

– Жалпы, қай салада болсын, түпкі нәтижеге жету үшін әркім жеке жауапкершіліктен қашпауы қажет. Бізде басқа таңдау жоқ: не тиімді цифрлық экономика құрамыз, не өркениет көшінің соңында қаламыз. Басқаша айтқанда, «не боламыз, не бордай тозамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент елдің бәсекеге қабілеттілігі тек демографиялық өсіммен емес, зияткерлік капитал мен еңбек өнімділігі арқылы қалыптасатынын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, биыл Орталық Азиядағы алғашқы Жасанды интеллект университеті ашылады. Бұл бастама алдыңғы кеңес отырысында қабылданған шешім аясында жүзеге асырылмақ.

– Шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестік орнату арқылы іргелі және қолданбалы ғылымды дамытуға кірістік. Бірнеше жобаның тізімі жасалды. Олар барынша жедел жүзеге асырылуы тиіс. Үкімет қысқа мерзім ішінде «ғылымнан нарыққа дейінгі» барлық кезеңді қамтитын толық тізбек қалыптастыруы керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қолданбалы ғылыми әзірлемелерді жедел коммерцияландыру, салықтық ынталандыру тетіктерін енгізу және перспективалы жобаларды бірлесіп қаржыландыру арқылы толыққанды венчурлық экожүйе қалыптастыру маңызды екенін айтты.

Президенттің пікірінше, мұндай тиімді механизмдерсіз елдің ғылыми әлеуеті тек академиялық орта аясында қалып қоюы мүмкін.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-talas/press/news/details/1213740?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version