Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ауқымды халықаралық технологиялық форум – GITEX AI Kazakhstan 2026 аясында Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті.
175 жетекші делегаттың басын қосқан кездесу «Жасанды интеллект цифрлық экономика өсімінің факторы» атты негізгі тақырыбта өтті. Дискуссия модераторы ретінде Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ұлттық АI-стратегияны іске асыру туралы кешенді есебін ұсынды.
Талқылауға Кай-Фу Ли (Sinovation Ventures), Омар Аль-Олама (БАӘ), Тьюринг сыйлығының лауреаты Джон Хопкрофт, Олаф Дж. Грот (Cambrian Futures) және Эбтесам Аль-Мазруи (БҰҰ) сияқты жетекші әлемдік сарапшылар қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлем технологиялық трансформацияның мүлдем жаңа кезеңіне қадам басқанына назар аударды. Президенттің айтуынша, қазіргі өзгерістер XIX-XX ғасырлардағы индустриялық революциямен салыстыруға келмейді. Өйткені оның жылдамдығы мен ауқымдылығы соншалық, физикалық болмыс пен цифрлық кеңістік арасындағы шекара жойылып барады және жаңа технологиялық парадигмаға көшу үшін қазіргі жағдайға объективті, шынайы баға беру қажет.
Өз баяндамасында Жаслан Мәдиев Қазақстанның ЖИ-ді тұжырымдамалардан өмірдің барлық салаларына ендіруге көшіп жатқанын атап өтті. Елде алғашқы ЖИ-«Higgsfield» пайда болуы және IT-қызметтер экспортының 1,1 млрд доллардан асуы негізгі көрсеткіштерінің бірі. Технологиялық кәсіпкерлікті одан әрі ауқымдандыру үшін Екібастұзда Data Center Valley жобасы іске қосылды. Ол жаһандық ойыншыларға әлемдегі ең бәсекеге қабілетті шарттардың бірін – электр энергиясының құны кВт/сағ үшін 2,5 центтен басталуын және ерекше реттеуші режимді ұсынады.
Министр сондай-ақ, Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретіндегі позициясының нығайғанын тілге тиек етті: ұлттық суперкомпьютерлер жаһандық TOP500 рейтингіне енді, ал Digital Nomad Visa және Altyn Visa бағдарламалары QazETA платформасы арқылы 30-дан астам елден салалық мамандарды тартты.
Сонымен қатар, Астана мен Алматыда автономды таксилердің пилоттық жобаларын іске қосу, сондай-ақ қалалық логистика үшін «төмен биіктіктегі экономиканы» (дрондар) дамыту жария етілді.
Инфрақұрылымдық дамуға келетін болсақ, 2027 жылға қарай ауылдық елді мекендердің 92%-ы талшықты-оптикалық байланыспен қамтамасыз етіледі, ал 5G қамту деңгейі 75%-ға жетеді. Қазақстан Транскаспий маршруты арқылы Азия мен Еуропа арасындағы «цифрлық көпір» рөлін белсенді дамытып, халықаралық деректер транзитіндегі өз үлесін 5%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл реформалардың институционалдық негізін жаңа Цифрлық кодекс пен ЖИ туралы заң бекітті.
Инфрақұрылымдық жобалармен қатар адами капиталды дамыту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылғы қыркүйекте Астанадағы экспоненциалды кластер базасында Qazaq AI Research University жұмысын бастайды. Сондай-ақ білім беру ортасына озық құралдар енгізілуде: Open AI-мен бірлесіп 200 мың мұғалім ChatGPT Edu жүйесіне қолжетімділік алды, ал «Келешек мектептерінде» оқыту жүйесін дербестендіру мақсатында дербес AI-ассистенттер тестіленуде.
Мемлекет басшысы мен халықаралық сарапшылар, соның ішінде Кай-Фу Ли мен Джон Хопкрофт қойылған міндеттерді іске асырудың жоғары қарқынын атап өтіп, ұсынылған курсты қолдады.
Отырысқа қатысқан халықаралық сарапшылар Қазақстанның цифрлық жетілу деңгейін жоғары бағалап, алдағы өсу үшін нақты бағыттарды ұсынды. Сарапшылар оқыту сапасын тәуелсіз бағалау арқылы білім беруді іргелі реформалауға назар аударып, шашыраңқы пилоттық жобалардан ауқымды флагмандық ендірулерге көшуге шақырды.
Талқылауды түйіндей келе, шетелдік спикерлер eGov және AlemAI саласындағы қазақстандық шешімдерді өңірдің басқа мемлекеттері үшін эталондық модель бола алатын сұранысқа ие экспорттық өнім деп атады.
Айта кетсек, отырыс қорытындысы бойынша сарапшылардың ұсыныстары ЖИ дамытудың 2030 жылға дейінгі ұлттық стратегиясына интеграцияланатын болады.
Еске сала кетейік, ҚР Президенті жанындағы Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес 2025 жылғы мамырда Мемлекет басшысының арнайы жарлығымен құрылған болатын. Оның негізгі міндеттері – мемлекеттік саясат бойынша ұсыныстар әзірлеу, заңнаманы жетілдіру, халықаралық жобаларға сараптама жасау және Қазақстан экономикасының салаларында ЖИ-дің ендірілу деңгейіне мониторинг жүргізу болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1213607?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау