БАЛАЛАР ОНКОЛОГИЯСЫНДАҒЫ ЖАҢА КЕЗЕҢ: ОНЖ ІСІКТЕРІН ЕМДЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Алматы қаласында «Орталық нерв жүйесі (ОНЖ) ісіктерімен ауыратын балаларға медициналық көмек көрсету жүйесіндегі проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, іс-шара барысында ұлттық және халықаралық сарапшылар тәжірибе алмасып, аталған бағыттың түрлі аспектілерін қарастырды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, балалар онкогематологиясы және нейрохирургия саласындағы жетекші отандық және шетелдік сарапшылар, сондай-ақ бейінді медициналық ұйымдардың мамандары қатысты.

Іс-шараны аша отырып, Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің басшысы балалар онкогематологиясын, оның ішінде нейроонкологияны дамыту бойынша жұмыстың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Қазіргі заманғы жоғары технологиялық диагностика және емдеу әдістері енгізілді. Атап айтқанда, иммуногистохимия, иммуногенотиптеу, спецификалық онкомаркерлерді анықтау, сүйек және жұмсақ тін саркомалары кезінде жоғары дозалы химиотерапия, сондай-ақ сүйек саркомалары кезінде ағзаны сақтайтын хирургиялық емдеу әдістері қолданылады. Жыл сайын 70-тен астам гемопоэздік дің жасушаларын трансплантаттау, сүйек ісіктері кезінде шамамен 15 буынды эндопротездеу және селективті интраартериялық химиотерапия сеанстары жүргізіледі», – деп атап өтті Мағрипа Ембергенова.

Департамент басшысының айтуынша, елордадағы Ұлттық онкология орталығының базасында ағымдағы жылдың ортасына қарай протондық терапия мен радиойодтерапия қолжетімді болады.

«Алдағы жылдары балалар онкогематологиясының заманауи бағыттары бойынша мамандарды шетелде оқыту және олардың біліктілігін арттыру жоспарланып отыр. Биыл тағы 20 дәрігер Түркиядағы «Флоренс Найтингейл» клиникасының базасында балалар онкологиясы бойынша оқытудан өтеді», – деді ол.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта онкогематологиялық аурулары бар балаларды емдеуге арналған дәрілік заттар Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің халықаралық ұйымдары арқылы сатып алынуда. Дәрілік заттардың тізбесін кеңейту жұмыстары жүргізілуде, оны 44 атауға дейін жеткізу жоспарланған.

Іс-шара барысында қатысушылар ОНЖ ісіктерімен ауыратын балаларға медициналық көмек көрсету жүйесіндегі қазіргі жағдай мен өзекті мәселелер, оларды шешу жолдары, халықаралық тәжірибе мен заманауи тәсілдер, клиникалық хаттамалардың рөлі және кәсіби ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы баяндамалар жасады.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп, қабылданған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар іске асырылып жатқаны атап өтілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1214355?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version