Өрт қауіпті кезеңде от жағуға тыйым салу туралы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасының Өрт қауіпсіздігі қағидаларының 997-тармағына (бұдан әрі – ҚР ӨҚҚ) сәйкес ауыл шаруашылығы алқаптарында және жайылым жерлерінде шөптесін өсімдіктерді, егін жинаудан кейінгі қалдықтарды, сабанды, сондай-ақ орманды дала алқаптары аумақтарында кесінді қалдықтарды өртеу жұмыстары ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының (шаруашылықтардың) басшылары, жеке тұлғалар, дара кәсіпкерлер және орман пайдаланушылар (бұдан әрі – ауыл шаруашылығы өртеуі) тарапынан өрт қауіпті кезең басталғанға дейін немесе аяқталғаннан кейін келесі өрт қауіпсіздігі шараларын сақтай отырып жүргізіледі:

1) ауыл шаруашылығы өртеуін бастар алдында өз қызметкерлеріне, сондай-ақ іс-шараға қатысушыларға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және өртті сөндіру тәсілдері бойынша нұсқама жүргізіледі;

2) ауыл шаруашылығы өртеуін жүргізу кезеңінде жауапты тұлғалар тағайындалады;

3) ауыл шаруашылығы өртеу орындарында патрульдік бекеттер ұйымдастырылып, олар өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етіледі (есеп бойынша: бір өрт автоцистернасы немесе бейімделген техника, бір соқалы трактор, өрт сөндіргіштер, күректер);

4) өртеу жүргізілер алдында аумақ ені кемінде 8 метр болатын жырту жолағымен жыртылып, ауданы 25 гектардан аспайтын учаскелерге бөлінеді;

5) өртеу аумақтарына іргелес орналасқан орман алқаптары, орман шоқтары, желден қорғайтын орман белдеулері және көгалдандырылған екпелер ені кемінде 8 метр болатын жолақпен жыртылады;

6) ауыл шаруашылығы өртеулері жел жылдамдығы 3 балдан (5 м/с) аспаған жағдайда, жыртылған учаскелерде және жауапты тұлғалар мен жұмысшылардың бақылауымен жүргізіледі;

7) оттың жылдам таралуын болдырмау мақсатында ауыл шаруашылығы өртеуі желдің бағытына қарсы жақтан басталады;

8) ауыл шаруашылығы өртеуін аяқтағаннан кейін өртенген аумақтың периметрі мұқият тексеріліп, барлық бықсу және жану ошақтары анықталып, жойылады, сондай-ақ қайталама тұтанудың алдын алу мақсатында 3 сағат бойы күзет ұйымдастырылады.

Аталған жұмыстарды жүргізуге дайындық кезінде аумақтық Бесқарағай ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бөлімшелерін 1 тәулік бұрын хабардар ету қажет.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 21 ақпандағы № 55 бұйрығымен бекітілген «Өрт қауіпсіздігі қағидаларының» 997-тармағына сәйкес өрт қауіпті кезеңде жоғары өрт қауіптілік классы кезінде барлық санаттағы жерлерде, олардың меншік нысаны мен тиесілілігіне қарамастан (ауыл шаруашылығы егістіктері, жайылым алқаптары), мыналарға жол берілмейді:

1) құрғақ шөптесін өсімдіктерді және егін жинаудан кейінгі қалдықтарды тұрған күйінде өртеуге (от жағуға);

2) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде ауыл шаруашылығы өртеулерін жүргізуге.

Осы талаптарды орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген, ол жеке тұлғаларға ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

 Бесқарағай ауданының ТЖБ

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-beskaragay/press/news/details/1214419?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version