Жетісу облысы Полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері Талдықорған қаласындағы Балакты өзенінде құм-қиыршық тас қоспасын заңсыз өндіру фактісін анықтап, жолын кесті. Рейдтік іс-шаралар барысында тиісті рұқсат құжаттарынсыз табиғи ресурстарды өндірумен айналысқан жүк тиегіш ұсталды.
Аталған дерек бойынша қажетті материалдар жиналып, процессуалдық шешім қабылдау үшін уәкілетті органдарға жолданатын болады. Арнайы техника айып тұрағына қойылды.
Полицияның мәліметінше, мұндай құқық бұзушылықтар өңір экологиясына елеулі зиян келтіріп, табиғи тепе-теңдікті бұзады және қоршаған ортаға кері әсерін тигізуі мүмкін.
«Пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру — бұл тек заң бұзушылық қана емес, сонымен қатар экожүйеге төнетін үлкен қауіп. Біз осындай фактілерді анықтау және жолын кесу бағытында жүйелі профилактикалық және жедел жұмыстар жүргізіп келеміз. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері осыған ұқсас 27-ге жуық құқық бұзушылықты анықтады», — деп атап өтті табиғатты қорғау полициясы.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Полицейлер азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады. Табиғи ресурстарды сақтау — әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1214803?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау