Атырау қаласында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. 5–10 мамыр аралығын қамтитын акция барысында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс атқаруда.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың бос уақытын бақылау және ата-аналармен профилактикалық жұмысты күшейту. Осы бағытта тәртіп сақшылары түнгі сағат 22:00-ден кейін қала аумағында рейдтік іс-шаралар жүргізіп, жасөспірімдер жиі жиналатын орындарды – ойын-сауық және компьютерлік клубтарды, саябақтар мен көпқабатты үйлердің аулаларын тексерді.
Сонымен қатар арнайы есепте тұрған кәмелетке толмағандар мен тәрбиесі қиын отбасылардың мекенжайлары да бақылауға алынды.
Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы, полиция майоры Әділбек Қозыбековтың айтуынша, мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
– Қараусыз қалған бала құқық бұзушылықтың құрбаны болуы немесе өзі заң бұзуы мүмкін. Сондықтан жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу маңызды, – деді ол.
Іс-шараның алғашқы күнінде 50-ге жуық құқықбұзушылық дерегі анықталып, 7 ойын клубы тексерілді. Нәтижесінде түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген кәмелетке толмағандарға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.
Полиция қызметкерлері жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра бермек.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1215259?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау