Павлодар құтқарушыларының қатары толықты: жас қызметкерлер ант қабылдады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Павлодар қаласының қақ ортасындағы Құтқарушылар аллеясында Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жас қызметкерлерінің ант қабылдауына арналған салтанатты рәсім өтті.

Іс-шараның басында қатысушылар қаза болған қызметкерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Салтанатты түрде 18 жас қызметкер ант қабылдап, азаматтық қорғау саласында қызмет етуді таңдады. Бұл күн олардың әрқайсысы үшін өміріндегі маңызды кезең болып, жауапкершілік, батылдық және ең қиын сәттерде адамдарға көмек көрсетуге дайындықтың символына айналды.

Жас құтқарушыларға Павлодар облысы ТЖД бастығы Рустамбек Амрин құттықтау сөз сөйледі. Ол қызметкерлерді азаматтық қорғау органдары қатарына қосылуымен құттықтап, олар адамдардың өмірін қорғау сияқты ержүрек әрі абыройлы мамандықты таңдағанын атап өтті. Сондай-ақ оларға рухтың беріктігін, әріптестердің сенімді болуын тілеп, құтқарушы қызметі – тек міндет қана емес, үлкен абырой екенін ерекше айтты.

Іс-шараға азаматтық қорғау органдарының ардагерлері де қатысты. ТЖД Ардагерлер кеңесінің төрайымы Какима Хайрулловна Асқарова жас қызметкерлерге арнаған сөзінде ант қабылдау тек салтанатты рәсім ғана емес, халық пен мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Ол ант сөздері әрбір қызметкердің қызметінің мәніне айналатынын айтып, жас құтқарушылардың аға буынның дәстүрін лайықты жалғастыратынына сенім білдірді.

Сонымен қатар, іс-шара аясында қызметтік міндеттерін орындауда ерекше көзге түскен және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан Павлодар облысы ТЖД қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Нәтижесінде 8 қызметкерге төсбелгілер, медальдар, алғыс хаттар мен грамоталар табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-pavlodar/press/news/details/1215758?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version