ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ
Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Ұлттық спорт клубы» КММ ұйымдастыруымен қазақ күресінен 2011 – 2012 және 2013 – 2014 жылы туылған жасөспірімдер арасында Халықаралық турнир болып өтті.
«7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» және «9 мамыр – Жеңіс күні» мерекесі аясында салауатты өмір салтын насихаттай отырып жасөспірімдер арасында достық қарым-қатынасты нығайтуды, жаңа жас таланттарды анықтауды, бұқаралық спортты дамытуды мақсат еткен жарысқа Шымкент қаласымен қатар Шардара, Төле би, Сарыағаш, Келес, Отырар, Бәйдібек, Түлкібас, Жетісай аудандарынан, көршілес Өзбекстан Республикасынан келген командаларда 200-ге тарта балуан қатысып, 21 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыларды анықтады.
«Бүгінгі сайыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Әр өңірден, көршілес елден келген жас балуандар өз салмақтары бойынша мықтыларды анықтауда. Бүгінгі күн – қазақ күресінің жаңа таланттарын анықтап, жаңа чемпиондардың жұлдызын жағатынына сенімдімін» деген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев жарысқа қатысушыларға сәттілік, төрешілерге әділдік тіледі. Жұртшылықты қос мерекемен құттықтады.
Сонау ықылым заманнан атаның қанымен, ананың сүтімен бойға дарыған күрес аламанында бабы мен бағы қатар жанған балуандар бар мүмкіндіктері мен әдіс-тәсілдерін қолданып қарсыласын алып та жықты, шалып та жықты. Боз кілемде атой салып, талайлардың таңдайын қақтырған күрес спортының болашақ жұлдыздарының өнерін тамашалаған жанкүйерлер қошемет көрсетіп, демеу беріп отырды.
«Спорт – денсаулық кепілі. Біз бұл турнирді өткізу арқылы бірінші кезекте салауатты өмір салтын насихаттауды, жасөспірімдер арасында достық қарым-қатынасты нығайтуды, жаңа жас таланттарды анықтауды, «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» және «9 мамыр – Жеңіс күні» мерекелерін жоғары деңгейде атап өтуді, айтулы мерекелерді өскелең ұрпаққа ұғындыруды мақсат еттік» дейді аудандық «Ұлттық спорт клубы» КММ басшысы Ерлан Райымбердиев.
Тартысты өткен турнир соңында барлық жеңімпаздар мен белсенді қатысқандар, жастарды спортқа баулып жүрген жаттықтырушылар арнайы дипломдармен және чемпиондық белбеулермен, ұйымдастырушылар тағайындаған медальдармен марапатталды.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1215184?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау