Шымкент қаласындағы «Отырар» шағынауданында Тұран ауданы прокуратурасының басшылығы жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Ашық диалогтың негізгі тақырыбы Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру болды. Прокуратура мен полиция өкілдері тұрғындармен интернет-алаяқтық және жасөспірімдер құқықбұзушылығының алдын алу мәселелерін талқылады. Әсіресе, қарттарды алаяқтардан қорғау және жастарды «жеңіл табыс» схемаларынан сақтау мәселесіне назар аударылды.
Кездесу барысында Тұран ауданы прокурорының орынбасары Ғалымжан Жаңабаев жиналғандарға аудандағы қазіргі жағдайға қатысты жан-жақты түсіндірме берді.
– Біздің басты міндетіміз — құқықбұзушылықтардың алдын алу және олардың орын алуына жол бермеу. Өздеріңіз білетіндей, Президентіміз ұсынған «Заң және тәртіп» қағидаты бар. Оның негізгі мақсаты — қоғамда құқықбұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыру, яғни әрбір заңбұзушылыққа міндетті түрде шара қолданылуы тиіс. Егер әрбір азамат дұрыс ұстанымда болып, заңға қайшы әрекеттерге жол бермесе, қоғамда теріс қылықтарға орын болмайды. Қазіргі таңда, әсіресе интернет-алаяқтық деректері жиілеп отыр. Күн сайын бірнеше өтініш түседі. Алаяқтар қарапайым тұрғындарды, зейнеткерлерді алдап жатады. Жаңа тәсілдер пайда болуда, мәселен жұмысқа орналастыруды уәде етеді, ақша аударуды сұрайды, кейін байланыссыз кетеді. Сондай-ақ, белгісіз тұлғалар қоңырау шалып, шотыңыздан қаражат шешіліп жатыр деп қорқытып, код талап етуі мүмкін. Естеріңізде болсын, мемлекеттік органдар мұндай талаптармен ешқашан хабарласпайды. Сондықтан мұндай қоңырауларға сенбеу, жеке деректерді бермеу және бірден құқық қорғау органдарына жүгіну қажет», — деді Ғалымжан Жаңабаев.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1215183?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау