Ақмола облысы әкімдігінің отырысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мәселелері және 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық қорытындылары қаралды. Іс-шараға өңір басшысы Марат Ахметжанов, салалық басқармалар жетекшілері, сондай-ақ аудан және қала әкімдері қатысты.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақованың айтуынша, өңір Мемлекет басшысының экономиканың 6%-дық өсіміне қол жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындады. Жалпы өңірлік өнімнің және орташа айлық жалақының өсімі тіркелді. Жалақы 13%-дан астам өсіп, 373 мың теңгені құрады. Еңбекақының айтарлықтай артуы құрылыс саласында (шамамен 40%) және ауыл шаруашылығында (27%) байқалды.
Жекелеген аудандардағы тұрғын үй құрылысы мен оны пайдалануға беру жұмыстары сынға алынды. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың деңгейіне шаққанда 76,4%-ды құрады, төрт аудан жоспардан артта қалған.
Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан Жабай, Қалқұтан, Шағалалы өзендеріндегі ірі жобалардың жүзеге асырылуы тұрғын үйлерді су басу жағдайларын болдырмағанын атап өтті. Сонымен қатар Қосшы қаласында, Целиноград және Қорғалжын аудандарында су тасқынына қарсы іс-шараларды ұйымдастыруда кемшіліктер бар екені айтылды.
«Өнеркәсіп өндірісін арттыру, инвестиция тарту және жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет. Аудан және қала әкімдеріне тұрғын үйді пайдалануға беру, бюджет кірістерін арттыру және белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу міндеттері жүктелді.
2027 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында гидротехникалық құрылыстарды жөндеу, өзен арналарының тазалығы, жол инфрақұрылымын жаңғырту және қар шығару жүйесін жетілдіруді қамтитын алдын алу шараларын іске асыру қажет», – деп тапсырма берді Марат Ахметжанов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1215885?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау