Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Қосшы қаласына жұмыс сапары маңызды оқиғадан басталды . Әлеуметтік осал санаттағы тағы 10 отбасы баспаналы болып, өз пәтерлерінің кілтін алды.
Елдегі ең жас қалалардың бірі саналатын Қосшыда тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Соңғы екі жылда мұнда 700-ге жуық кезекте тұрған азамат баспанамен қамтылса, олардың 550-ден астамы әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдері.
«Президент тапсырмасы бойынша біз азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Биылдың өзінде облыс бойынша кезекте тұрғандарға арналған пәтерлерді сатып алуға 19 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Соның нәтижесінде өңірдегі 2,2 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлайды. Қосшы қаласының және жалпы облыс тұрғындары мемлекеттің нақты қолдауын сезінуі тиіс», – деді Марат Ахметжанов.
Жедел жәрдем қызметінің санитаркасы Салтанат Самалхан үш баланы жалғыз тәрбиелеп отыр. Ол екі жыл бұрын Қосшыға қоныс аударғаннан кейін тұрғын үй кезегіне тұрған болатын. Бүгінде «Ынтымақ» тұрғын үй кешенінен пәтер кілтін алу бақытына ие болды.
«Қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Енді отбасымыздың осындай жақсы ауданда жайлы пәтері бар. Кезектің соншалықты тез келгеніне әлі де сене алар емеспін», – деді ол.
Айта кетейік, бес жылдығын қарсы алғалы отырған қалада тек жаңа үйлер ғана емес, инфрақұрылым да қарқынды дамып келеді. Күзге дейін Қосшыны толық газдандыру жоспарланған. Жақын арада мұнда тәулігіне мың адам қабылдайтын заманауи емхана мен жаңа аурухана ашылып, 1,5 мың орындық мектептің құрылысы басталады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1216952?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау