Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) денсаулық сақтауды қаржыландыру және денсаулық сақтау экономикасы жөніндегі директоры Калипсо Чалкидоумен кездесу өткізді. Кездесу барысында медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) бойынша елдердің Жаһандық коалициясын ілгерілету, халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, сондай-ақ Алматы декларациясының 50 жылдығы мен Астана декларациясының 10 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шараларға дайындық мәселелері талқыланды.
Тараптар Қазақстан мен ДДҰ арасындағы денсаулық сақтау саласындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін, оның ішінде тұрақты денсаулық сақтау жүйесінің негізі ретінде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту жөніндегі бастамаларды іске асыру шеңберіндегі ынтымақтастықты атап өтті.
Ведомство басшысы Қазақстан Президенті 2023 жылы Астанада өткен Жаһандық конференцияда жариялаған МСАК бойынша елдердің Жаһандық коалициясын құру бастамасы кең халықаралық қолдауға ие болғанын және ұлттық денсаулық сақтау жүйелерін нығайту бағытында мемлекеттердің күш-жігерін біріктіретін маңызды саяси алаңға айналғанын айтты.
Бүгінде Коалиция құрамына 26 мемлекет пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кіреді. Қазақстан әріптестікті кеңейту және бастаманы халықаралық алаңдарда ілгерілету жұмыстарын белсенді жалғастыруда.
«Қазақстан ДДҰ-ны жаһандық денсаулық сақтау архитектурасындағы стратегиялық әріптес ретінде қарастырады. Біз әріптестігімізді жоғары бағалаймыз және медициналық-санитариялық алғашқы көмек саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейілдігімізді растаймыз», — деп атап өтті А. Әлназарова.
Кездесу шеңберінде Женевада өтетін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 79-сессиясы барысында денсаулық сақтау жүйелерін алғашқы көмекке қайта бағдарлау мәселелеріне арналған сайд-ивентті ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Қазақстан тарапы МСАК бойынша Жаһандық коалиция тұжырымдамасын, оның қызметінің нәтижелерін, сондай-ақ денсаулық сақтаудың бастапқы буынын реформалау жөніндегі практикалық тәжірибесін таныстырады.
Кездесуде Қазақстандағы медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытуға ерекше назар аударылды. Елде алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру, мейіргердің дербес қабылдауын кеңейту, мобильді бригадаларды дамыту, пациенттер маршруттарын цифрландыру және скринингтік бағдарламаларды жетілдіру бойынша кешенді шаралар іске асырылуда.
Атап айтқанда, мейіргердің дербес қабылдауын енгізу нәтижесінде МСАК қызметтерімен қамту деңгейі 60%-дан 80%-ға дейін өсті, жалпы практика дәрігерлерінің консультацияларына қолжетімділік 3,5 есеге, ал бейінді мамандарға қолжетімділік 15 есеге артты. 2025 жылдан бастап скринингтік зерттеулермен қамту көлемі 5 млн адамға дейін кеңейтілді.
Сондай-ақ 2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Алматы қаласындағы ДДҰ-ның МСАК жөніндегі Географиялық қашықтағы офисін одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Соңғы жылдары оның демонстрациялық алаңында Орталық Азия елдері мен өңірдің басқа мемлекеттерінен 100-ден астам маман оқытудан өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар 2028 жылы Қазақстанда өтетін Алматы декларациясы мен Астана декларациясының мерейтойлық даталарына арналған халықаралық іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыруға және ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1216928?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау