10 МАМЫРДА 2026 ЖЫЛҒЫ НЕГІЗГІ ҰБТ БАСТАЛДЫ
Бүгін негізгі ҰБТ-2026 басталды, тестілеу 10 шілдеге дейін жалғасады.
240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 446 мыңнан астам өтініш берген (2025 жылы – 216 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 399 мың өтініш). Оның ішінде тапсырушылардың 74%-ы қазақ тілінде, 26%-ға жуығы орыс тілінде, 851 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.
«Өтініш беру кезінде талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады. ҰБТ-ның бірінші күні бүкіл еліміз бойынша 926 адам, оның ішінде елордада 359 талапкер тестілеуден өтеді. Жалпы ҰБТ 45 тестілеу пунктінде ұйымдастырылған. Бірнеше жыл қатарынан ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы «Математика-Физика» болып қалып отыр – оны түлектердің 17,9%-ы таңдады. Бұл талапкерлердің инженерлер, мұғалімдер, энергетиктер, құрылысшылар және басқа да техникалық мамандықтарға деген ұмтылысын көрсетеді. Танымалдығы бойынша келесі комбинациялар: болашақ медиктерге бағытталған «Биология-Химия» комбинациясы (14,5%) және шығармашылық бағытқа қызығушылық танытқан талапкерлерді тартатын «Шығармашылық емтихан» комбинациясы (12,4%)», – деді Ұлттық тестілеу орталығының директора Нұрсейіт Байжанов.
Негізгі ҰБТ-ға дайындық деңгейін арттыру үшін қаңтар және наурыз ҰБТ-ларын тапсырған талапкерлерге әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау ұсынылған. Яғни әрбір ҰБТ-дан кейін (қаңтар, наурыз) түлектер өздерінің әлсіз тұстарын анықтап, сол бағытта дайындалып, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ бірінші мүмкіндікті тапсырғаннан кейін, оларда екінші тестілеуге дайындықты жақсарту үшін уақыт болады.
Дайындық деңгейін бағалау және емтихан форматына бейімделу үшін байқау сынағынан өту мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығының сайтында тест тапсырмалары құрастырылған әдебиеттер тізімі мен тест спецификациясы; «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі; «Информатика» пәнінен терминдер тізімі; «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі орналастырылған.
2026 жылы ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл 140 балды құрайды.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі.
Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляцияға өтініш берген тестіленушілердің сертификаты апелляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Талапкердің жеке кабинетінде Республикалық апелляциялық комиссия отырысының мерзімі көрсетіледі. Республикалық апелляциялық комиссия отырысы басталғанға дейін апелляция өтінішін жеке кабинетінде қайтарып алу мүмкіндігі бар. Апелляция өтінішін қайтарып алғаннан кейін сертификат талапкердің жеке кабинетінде бір жұмыс күні ішінде қолжетімді болады.
Минималды шекті балдар өзгеріссіз қалды. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу шекті балы – 65 балл, басқа ЖОО-на 50 балл, «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – 75 балл, «Денсаулық сақтау» білім беру саласы бойынша – 70 балл, «Құқық» даярлау бағыты бойынша – 75 балл. Бұл ретте «Қазақстан тарихы» және ҰБТ-ның екі бейіндік пәні және (немесе) шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл, ал «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндері бойынша кемінде 3 балдан жинау қажет. Жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша өздерінің шекті балдарын белгілей алатынын айта кеткен жөн.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тестілеуге кіреберісте тыйым салынған заттарды, мысалы, телефондарды, шпаргалкаларды және т.б. алып кіруге жол бермеу үшін қол және рамалық металл іздегіштер қолданылады.
Тестілеу аудиторияларында рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде мобильді және радиоэлектронды байланыс сигналдарын басатын құрылғылар пайдаланылады, сондай-ақ бейнебақылау жүргізіледі.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін, 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда, оқуға түсушінің ҰБТ нәтижелері (сондай-ақ грант иегері атанған жағдайда білім беру грант куәлігі) жойылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1217215?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау