10 мамыр – мейірім мен махаббаттың, қамқорлық пен жан жылуының иесі болған ардақты аналарға құрмет көрсетілетін ерекше күн. Бұл – әр адамның жүрегіне ең жақын жанға алғыс айтып, ананың қоғамдағы орны мен қадірін терең сезінетін тағылымды мереке.
Қазақ халқы ежелден ананы өмірдің шуағы, отбасының ұйытқысы, берекенің бастауы деп таныған. «Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да, ақ сүтін өтей алмайсың» деген сөздің астарында ананың адам өміріндегі өлшеусіз орны жатыр. Расында да, ана мейірімі – ештеңемен тең келмейтін қасиетті ұғым.
Әр адамның өмір жолы ана әлдиінен басталады. Ана баласына тек өмір сыйлап қана қоймайды, оған тәрбие береді, адамгершілікті үйретеді, дұрыс жолды көрсетеді. Сондықтан ұлттың болашағы да, қоғамның келешегі де ең алдымен ананың тәрбиесіне байланысты. Тарихқа көз жүгіртсек, елін сүйген талай азаматтың қалыптасуына ананың тәлімі мен тәрбиесі ықпал еткен.
Бүгінде аналар тек отбасының берекесін кіргізіп отырған жандар ғана емес, қоғамның әр саласында еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып жүрген тұлғалар. Олар білім мен мәдениетте, медицина мен мемлекеттік қызметте, кәсіп пен қоғамдық жұмыстарда үлкен жауапкершілік арқалап келеді. Соған қарамастан, ана үшін ең қымбат міндет – отбасының амандығы мен перзентінің бақыты болып қала береді.
Ана – таусылмайтын мейірімнің иесі. Кейде өзі шаршаса да білдірмейді, кейде өз мұңын ішіне бүгіп, баласына күлімдеп қарайды. Оның жүрегі әрдайым перзентім аман болсын деп соғады. Осындай шексіз махаббат пен жанкештілік ананы адамзат алдындағы ең ұлы тұлға етеді.
Аналар күні – жай ғана мереке емес. Бұл – ана алдындағы перзенттік парызды еске салатын, құрмет пен ізеттің маңызын ұғындыратын күн. Анаға деген құрмет бір күнмен шектелмеуі тиіс. Себебі ананың ақ тілегі мен батасы – әр адамның өміріндегі ең үлкен байлық.
Осынау мерекеде барша аналарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Сіздердің мейірімдеріңіз бен даналықтарыңыз әр шаңырақтың шаттығы, әр отбасының берекесі болып қала бермек.
Құрметті аналар! Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілейміз. Балаларыңыздың қызығын көріп, әрдайым құрмет пен қуаныштың ортасында жүре беріңіздер!
Анаға құрмет – ұлтқа құрмет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1217218?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау