Абай облысының полиция қызметкерлері мектеп ұстаздары арасында интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында қауіпсіздік сабағын ұйымдастырды. Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Ернұр Құтанбаев Семей қаласындағы №50 жалпы білім беретін IT мектеп-лицейіне барып, мұғалімдермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық жадынамалар таратты.
Техникалық мүмкіндіктер дамыған заманда интернетте жасалатын айла-тәсіл де түрлі кейіпке енуде.
«Бүгінгі кездесуіміздің басты мақсаты — азаматтарды интернет алаяқтықтың әртүрлі түрлерінен қорғау және цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру», — деді Ернұр Құтанбаев. «Қазіргі заманда әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларда абай болу әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі болып саналады. Сондықтан ақпараттық сауаттылықты арттыру — жастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең тиімді жолы. Біз ұстаздарды сақтандыру арқылы балалардың да қауіпсіздігіне қалқан бола аламыз», — деп толықтырды ол.
Кездесу барысында мектеп ұжымы мен оқушыларға 200-ге жуық ақпараттық жадынама таратылды. Жадынамаларда интернеттегі алаяқтықтың негізгі түрлері, қауіп-қатерден сақтану жолдары және онлайн кеңістіктегі қауіпсіздік ережелері қарастырылған. Құтанбаев атап өткендей, «білім ордаларында өткізілетін мұндай іс-шаралар жастарымыздың интернеттегі қауіп-қатерлерді дұрыс тануына және өздерін қорғауына үлкен септігін тигізеді».
Шара барысында мұғалімдер өздерін қызықтырған және өмірден алынған оқиғаларымен бөлісіп, толғандырған сұрақтарын қойып, толыққанды жауап ала алды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1217302?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау