Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасында шығысқазақстандық «Алтай» мен шымкенттік «Ордабасы» ойыншылары кездесті. Жаңартылған «Восток» стадионында өткен биылғы маусымдағы алғашқы ойынды тамашалауға келген жұрттың қарасы қалың болды.
Олардың ішінде аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов та бар.
Алғашқы минуттарда алаң иелерінің есепті ашар бірнеше мүмкіндігі болды. Қонақтар да бірнеше қауіпті шабуыл жасағанымен гол соға алмады.
Бірінші таймнан соң елге танымал әнші TURAR өнер көрсетіп, жиналғандардың құлақ құрышын қандырды. Сол сәтте ШҚО әкімі де алаңға шығып, жанкүйерлерге алғысын білдіріп, ойыншыларға сәттілік тіледі.
Екінші таймда төреші «Алтай» қақпасына екі мәрте пенальти белгілеп, бірақ бейнеқайталауды көрген соң шешімін өзгертті. Қорытынды есеп 0:0.
Ойын аяқталған соң ұтыс ойындары өткізіліп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілді.
Айта кетейік, бұл «Алтай» футбол клубының 13 жылдық үзілістен кейінгі Қазақстан Премьер-лигасындағы өз алаңындағы алғашқы ойыны.
Үлкен футболға сусап қалған жанкүйерлердің қолдауы ерекше болды. «Ордабасы» командасы турнир кестесінде алматылық «Қайратты» ғана алға шығарып, екінші орында тұр.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1217252?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау