Прагадағы тарихи Лобковиц сарайында «Батыс пен Шығыстың поэзиясы мен музыкасы – Орталық Еуропадан Орталық Азияға дейін» атты музыкалық-әдеби кеш өтті. Іс-шараны Германия Федеративтік Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігі Kulturbrücke Eurasia коммерциялық емес ұйымының атқарушы директоры Айкен Айтбаймен бірлесіп ұйымдастырды. Еуропа мен Орталық Азия арасындағы мәдени байланыстарға арналған кештің өтуіне Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігі мен жергілікті қазақстандық қауымдастық қолдау көрсетті.
Бағдарламада музыка мен әдебиет қазақ-неміс суретшісі Александр Диктің көркем туындыларымен үйлесім тапты. Музыкалық бөлімде қазақ музыка дәстүрінің көрнекті өкілдері – Құрманғазы, Дәулеткерей және Дина Нұрпейісованың шығармаларымен қатар, Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский және Қуат Шілдебаевтың туындылары орындалды. Шығармаларды скрипкада Айкен Айтбай француз пианисі Франсуа Ламбердің сүйемелдеуімен, сондай-ақ Чехияда білім алып жүрген қазақстандық студенттердің домбырашылар ансамблі орындады.
Сонымен қатар кеште Людвиг ван Бетховен, Петр Чайковский және Клод Дебюсси сияқты еуропалық классиктердің шығармалары ұсынылды. Абай Құнанбайұлы, Мағжан Жұмабаев, Рахмет Өтесінов және қырғыз ақыны Алықұл Осмоновтың өлеңдерінен оқылған поэзиялық үзінділер көрермендердің жылы ықыласына бөленді. Бағдарламаға Иоганн Вольфганг Гётенің шығармалары да енгізіліп, бір кеш аясында қазақ, қырғыз және еуропалық әдеби дәстүрлерді тоғыстыруға мүмкіндік берді.
Іс-шараға Чехия, Германия, Қазақстан және басқа да елдердің дипломатиялық корпусының, мемлекеттік құрылымдарының, іскерлік және қоғамдық топтарының өкілдері қатысты. Қонақтар Германия Федеративтік Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Питер Ройсқа жас таланттарды қолдағаны және олардың шығармашылығын халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік бергені үшін ерекше алғыс білдірді.
Жылы әрі шығармашылық атмосферада өткен кеш Қазақстан, Германия және Чехия арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болып, қазақ мәдениетін кең аудиторияға таныстыруға ықпал етті. Кешті ұйымдастырушылардың бірі – Айкен Айтбай жетекшілік ететін Kulturbrücke Eurasia ұйымы Еуропа мен Азия арасындағы мәдени және білім беру алмасуын дамытуға бағытталған қызметін жалғастыруды жоспарлап отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/1217312?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау