Алматыдағы комьюнити орталықтарда «Жастар ысырапшылдыққа қарсы. Үнем – Сана – Мәдениет» жобасы аясында жастармен кездесулер мен пікір алмасу жиындары басталды. Бұл туралы қалалық Жастар саясаты басқармасының өкілдері хабарлады.
Бастама жастар арасында саналы тұтыну мәдениетін, ресурстарға жанашырлықпен қарауды және қаржылық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған.
Жоба аясында артық шығын, атақ-даңқ үшін несие алу, әлеуметтік желілердің әсері, сондай-ақ су, электр қуаты, азық-түлік пен өзге де ресурстарды тиімді пайдалану жайы кеңінен талқылануда.
«Кездесулер барысында қатысушылар күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді интерактивті форматта талқылап келеді. Атап айтқанда, су мен электр қуатын үнемдеу, қаржыға саналы көзқарас қалыптастыру, атақ-даңқ үшін несие алудан бас тарту және әлеуметтік желідегі «жұртқа көрсету үшін өмір сүру» түсінігінен арылу мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Бүгінгі тренинг «Үнем», «Сана» және «Мәдениет» атты үш негізгі бағытты қамтыған тақырыптық карточкалар негізінде өтті. Қатысушылар өмірлік жағдаяттарды саралап, оларды шешудің нақты әрі тиімді жолдарын ұсынды», — деді Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры директорының міндетін атқарушы, «QAMQOR CHARITY» қоғамдық қорының төрайымы Бағдат Анарбаева.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, бүгінгі таңда жастар санасында үнемшілдіктің жауапкершілік пен парасаттылықтың, кемел көзқарастың көрінісі екенін орнықтыру аса маңызды.
Жастардың пікірінше, мұндай кездесулер күнделікті өмірдегі әдеттерге жаңаша көзқараспен қарауға, шығын мен тұтыну мәдениетін қайта саралауға мүмкіндік береді.
«Көбінесе ақшамыз бен ресурсымыздың қалай жұмсалып жатқанын аңғара бермейміз. Осындай кездесулерден кейін қарапайым күнделікті әрекеттерден бастап өзгертуге болатынын түсінесің», — деді қатысушылардың бірі.
Комьюнити орталықтардың белсенді жастары челлендж эстафетасын жоғары оқу орындары мен колледждерге жолдады. Игі бастама алдағы уақытта Алматыдағы оқу орындары мен жастар орталықтарында жалғасады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1219165?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау