Қарағанды облысында көктемгі егіс науқаны басталып, өңірдің барлық ауданында диқандар дала жұмыстарына кірісті. Биыл егіс алқабы 1,2 миллион гектарға дейін ұлғайды. Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру бағдарламасы жалғасуда: бидай алқаптарын қысқарту есебінен майлы және мал азықтық дақылдардың көлемі арттырылып жатыр.
Сондай-ақ аграршылар картоп пен көкөніс отырғызу жұмыстарына да кірісті. Бұл бағыттағы көлемдер азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында көбейтілуде.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, егіс науқанына 8,4 мың трактор, 229 егіс кешені, 4,4 мыңнан астам сепкіш және 9,7 мың басқа да ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған.
Өңірде суармалы егіншілікті дамытуға және агротехнологиялық талаптарды сақтауға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруалар жоғары сапалы тұқымдар мен минералды тыңайтқыштар сатып алып, техникаларын жаңартып жатыр. Басым дақылдарды өсіруге, пестицидтер алуға, су жеткізу қызметтеріне және су үнемдеу технологияларына субсидиялар қарастырылған.
Егіс жұмыстарын жүргізу үшін арзандатылған дизель отыны бөлінді.
Сонымен қатар аграршылар «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары аясындағы жеңілдетілген несиелерді пайдаланды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1218522?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау