Қарқаралыда Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы облыстық күй орындаушылары байқауы өтіп, іс-шара ұлттық музыкалық мұраны насихаттауға және дәстүрлі өнерді дамытуға бағытталды. Шығармашылық дода қазақ күй өнерінің дәстүрін жалғастырып келе жатқан жас таланттарды бір алаңға жинады.
Байқауға Астана, Алматы, Семей қалаларынан, Павлодар облысының Баянауыл ауданынан және Қарағанды өңірінен барлығы 12 өнерпаз қатысты.
Сахна төрінде орындалған күйлер халықтың рухани мұрасын, ұрпақтар сабақтастығын айшықтайтын туындылар ретінде көрерменге жол тартты.
Қазылар алқасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Абдуғалисын Шоқанбаев басқарды.
Байқау қорытындысы бойынша Қарағанды қаласының өкілі Жанбек Самарқан Гран-при иегері атанып, 1 миллион теңгенің сертификатын жеңіп алды.
Бірінші орынды және 500 мың теңгелік сертификатты қарағандылық Нұрмұхамед Жақанов иеленді.
Екінші орын да Қарағандыдан келген Аружан Қуанышбайға бұйырып, ол 300 мың теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды.
Үшінші орын мен 200 мың теңгелік сертификат Астана қаласынан Нұрғиса Мязовқа берілді. Ал арнайы диплом және 100 мың теңгелік сертификат елорда тұрғыны Армия Нұрсұлтанға табысталды.
Гран-при иегері Жанбек Самарқан байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
— Қарқаралыда өткен Тәттімбет атындағы байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бізді тек ұйымдастыру сапасы ғана емес, осы өлкенің әсем табиғаты да ерекше әсерге бөлеп, шабыт сыйлады, — деді жеңімпаз.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар ұлттық өнерді сақтауға, дәстүрлі музыканы кеңінен насихаттауға және жастардың мәдени мұраға деген құрметін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Фото: Қарқаралы ауданы әкімдігі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1219641?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау