Әлемге әйгілі парсы кілемдерін тоқу технологияларының бастауы Орталық Азиядан шыққан. Бұл туралы бүгін Өскемен қаласында өткен «Ғасырлар дәстүрі» халықаралық кілем тоқу фестивалінің ашылуына арналған көшпелі баспасөз конференциясында айтылды.
– Кілем тоқу өнерінің тарихы екі мың жылдан аса уақытқа созылады. Кілемдердің пайда болуы көшпелі өркениеттермен тікелей байланысты. Екі мың жылдан астам тарихы бар әйгілі Берел қорғандары да осы өнердің бастау көздерінің бірі. Ал парсы кілемдері туралы айтқанда, олардың өндіріс технологиясының негізі Орталық Азиядан алынғанын айту керек, – деді Қазақстандағы «Global BEST of RECORDS» халықаралық рекордтар кітабының ресми өкілі, тарих профессоры Қуандық Құдайбергенов.
Ол бүгінгі таңда UNESCO-ның материалдық емес мәдени мұраны сақтау бағытындағы ұстанымы аса маңызды екенін атап өтті. Бұл мәселе әлі де басым бағыттардың бірі болып қала береді. Сондай-ақ облыс орталығында бастау алған «Ғасырлар дәстүрі» халықаралық кілем тоқу фестивалі көне қолөнерді насихаттауға арналған тамаша алаң екенін жеткізді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1220507?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау