Дәрілік заттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету – бұл тек логистикалық міндет қана емес, сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығының негізгі көрсеткіші. Соңғы жеті жылда амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (АДҚ) жүйесі сандық және сапалық тұрғыдан айтарлықтай өсті. Егер 2018 жылы 1,9 млн адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілсе, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 3,4 млн азаматқа жетті. Бүгінде елдің әрбір алтыншы тұрғыны тегін дәрі-дәрмек түріндегі мемлекеттік қолдауға ие болып отыр. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің бюджеті үш еседен астам өскен.
«Егер 2018 жылы бюджет 87,2 млрд теңгені құраса, 2026 жылға қарай оны 337 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Мұндай өсім тек инфляциялық үдерістермен ғана емес, сонымен қатар қымбат инновациялық препараттардың тізімге енгізілуімен байланысты. Дәрілік қамтамасыз етуге жататын аурулар тізімі 48-ден 121 позицияға дейін кеңейтілді. Бұл бұрын көптеген отбасылар үшін қолжетімсіз болған сирек (орфандық) аурулары бар пациенттерді қамтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, препараттар тізімін қалыптастыру тәсілі қайта қаралды: жүйесіз кеңейту орнына дәлелді медицина қағидаттарына басымдық берілді. 2024–2025 жылдары клиникалық тиімділігі төмен немесе заманауи баламалары бар 58 халықаралық патенттелмеген атауға (ХПА) терең ревизия жүргізіліп, олар тізімнен шығарылды», – деді Тимур Мұратов.
Вице-министрдің айтуынша, алдағы уақытта халықтың сырқаттанушылығы мен өлім-жітімінің негізгі құрылымын қалыптастыратын ең маңызды 75 нозологияға назар аудару жоспарланып отыр. Жаңартылған тізімге ең жоғары терапиялық құндылық қағидаты бойынша іріктелген 290 халықаралық патенттелмеген атау енгізіледі.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Бірыңғай дистрибьютор қызметін трансформациялау жұмыстары ашықтық пен халық сенімін арттыруға басымдық бере отырып жалғасуда. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап байланыс орталығы тәулік бойы 24/7 режиміне көшірілді, бұл қоғам сенімінің деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.
Азаматтардың ыңғайлылығы үшін Telegram мессенджерінде дәрілік заттардың қолжетімділігі туралы жедел ақпарат беруге арналған чат-бот іске қосылды. Оның жұмысы барысында шамамен 200 өтініш өңделді. Сонымен қатар, 2026 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шағымдар саны 18%-ға қысқарып, 13 мыңнан 11 мың өтінішке дейін төмендеді. Қоғаммен жолға қойылған диалог әлеуметтік шиеленісті төмендетуге және дәрілік қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Денсаулық сақтау вице-министрінің айтуынша, пациенттік ұйымдармен өзара іс-қимыл да күшейтілді. Бүгінде пациенттердің 800-ден астам өтініші бойынша дәрілік қамтамасыз ету мәселелері шешілген. Пациенттік қоғамдастық пен медициналық ұйымдардың өкілдерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіліп келеді.
Мәселен, биылғы жылдың наурыз–сәуір айларында медициналық ұйымдармен үш кездесу өтті. Атап айтқанда, оңтүстік және батыс өңірлердің өкілдерімен, сондай-ақ Еуразия пациенттік ұйымдары одағымен кездесулер ұйымдастырылды. Жақын уақытта солтүстік және шығыс өңірлердің медициналық ұйымдарымен кездесулер жоспарланған.
Жүргізілген сауалнамалардың қорытындысы бойынша ұйым өкілдері Бірыңғай дистрибьютор тарапынан кері байланыстың сапасы мен тиімділігін оң бағалап отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-nadezhdin/press/news/details/1221065?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау