Ақмола облысында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақмола облысында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталып кетті. Өңірде атқарылып жатқан жұмыстар, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және жылу мен электр желілерін жаңғырту жоспарлары туралы брифинг барысында Ақмола облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаев баяндады.

Спикердің айтуынша, өңірдегі өткен жылыту маусымы штаттық режимде аяқталған. Жүргізілген жөндеу науқанының нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейін төмендетіп, 50 мыңға жуық абонент үшін жылумен қамту сапасын жақсартуға мүмкіндік туған. Алдыңғы жылыту маусымына дайындық аясында Көкшетау, Атбасар және Степногорск қалаларында жылу желілері қайта жаңғыртылып, бірқатар аудандарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жылумен қамту нысандарындағы ондаған қазандық ауыстырылды.

Бақтыбек Жапаевтың сөзінше, биыл да жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жалғасады. Өңірде жылу желілерін қайта жаңғырту, қазандық жабдықтарын жөндеу, жаңа блокты-модульді қазандықтарды іске қосу және «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

Инженерлік инфрақұрылымының тозу деңгейі жоғары қалалардың бірі Степногорск қаласына ерекше көңіл бөлінуде. Мұнда ЖЭО турбиналары мен қазандықтарын жөндеу, магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту және жылумен қамту жүйесінің жекелеген учаскелерін жаңарту қарастырылған. Жоспарланған жұмыстардың нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі төмендеп, 15 мыңнан астам абонент тұрақты жылумен қамтылады деп күтілуде.

Көкшетау қаласында да коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жалғасады. Биыл РК-1 және РК-2 қазандық жабдықтарына жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ жылу магистральдары мен техникалық су құбырларын қайта жаңғырту жобаларын іске асыру жоспарланған. Сонымен қатар, Көкшетау ЖЭО құрылысына дайындық жалғасуда. Қазіргі уақытта нысанның сыртқы инфрақұрылымын, оның ішінде жылу және электр желілерін, сумен қамту жүйелері мен көлік логистикасын жобалау жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ өңірде жаңа блокты-модульді қазандықтарды іске қосу, бірқатар елді мекендердегі жылу желілерін жөндеу және облыстың тоғыз өңірінде қазандықтарды ауыстыру жоспарланған. Бұдан бөлек, электр желілері кешенін жаңғырту жұмыстары да жалғасады.

Басқарма басшысы атап өткендей, алдағы жылыту маусымына дайындық тұрақты бақылауда және барлық іс-шаралар өңірде күзгі-қысқы кезеңнің тұрақты әрі үздіксіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-energo/press/news/details/1221433?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version