Бабайбековтер әулеті: құқық қорғау саласындағы 130 жылдық еңбек. Осы ерекше Отбасы күні қарсаңында біз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан адал қызметтің жарқын үлгісі – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының тумасы Бабайбековтер әулеті туралы мақтанышпен айтқымыз келеді. Тағдырын ішкі істер органдарымен байланыстырған бұл отбасы құқықтық тәртіпті қорғаудағы сабақтастық пен парызға деген шынайы адалдықтың үлгісін көрсетіп келеді. Әулеттің негізін қалаған – Амангелді Әлжанұлы Бабайбеков. Ол 1945 жылы, Ұлы Жеңіс жылында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1969 жылы бастаған. Қатардағы милиционерден бастап, Қарқаралы аудандық ведомстводан тыс күзет бөлімінің бастығы қызметіне дейін көтерілді. Оның қызметі әрдайым мінсіз беделімен, әріптестерінің құрметімен және абыройына көлеңке түсірмеген адал еңбегімен ерекшеленді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Амангелді Әлжанұлы қоғамдық қызметтен қол үзбей, аудандық ІІО ардагерлер кеңесін басқарды. Ол 2025 жылы өмірден өтіп, соңында өнегелі із қалдырды. Әке жолын жалғастырған үлкен ұлы Қуат 1995 жылы полиция қатарына қосылды. Қызмет жолын патрульдік-постық полиция қызметкері ретінде бастап, кейін полк ротасының командирі дәрежесіне дейін өсті. Оның ізін ала Амангелді ақсақалдың үлкен қызы Ақбөпе де ішкі істер органдарына қызметке келді. Қылмыстық-атқару жүйесінде еңбек еткен ол бүгінде ағасы секілді құрметті демалыста. Отбасылық дәстүрді кенже буын да жалғастырды. Ортаншы қыз Ақерке мен кенже қыз Ақмарал да құқық қорғау органдарындағы қызмет жолын таңдады. ҚарМУ-ды «педагог-филолог» мамандығы бойынша тәмамдаған Ақерке алғашында болашағын ұстаздықпен байланыстырған еді. Алайда тағдыр оны полиция қызметіне алып келді. 1999 жылы ішкі істер органдарына қызметке орналасып, сол жерде өзінің өмірлік серігін де жолықтырды. Жолдасы Нұрболат та полиция саласына өмірін арнап, бүгінде зейнеткерлік демалыста. Олардың үлкен қызы Салтанат Әзірбек әулет дәстүрін лайықты жалғастырып, ата-анасы қызметін бастаған Ә. Бөкейхан атындағы полиция бөлімінде (бұрынғы Октябрь бөлімі) еңбек етуде. Бабайбековтер отбасының полиция органдарындағы жалпы еңбек өтілі 130 жылдан асады. Бұл – адалдықтың, абыройдың және азаматтардың қауіпсіздігі жолындағы үздіксіз қызметтің айқын көрінісі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1221553?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау