ТҮРКІСТАНДА ЯССАУИ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ КАПСУЛАСЫ САЛЫНДЫ
Түркістан қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми Саммиті аясында Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Яссауи ғылыми-зерттеу институты ғимаратының капсуласын салу рәсімі өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырыстарында және бірқатар стратегиялық жиындарда Қожа Ахмет Яссауи мұрасын жан-жақты зерттеу, оның рухани ілімін жастар арасында кеңінен дәріптеу, сондай-ақ Түркістанды түркі әлемінің рухани әрі ғылыми орталығына айналдыру жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын.
Осы міндеттер аясында қолға алынған Яссауи ғылыми-зерттеу институты түркі өркениетін, сопылық ілімді, түркі халықтарының тарихи-мәдени сабақтастығын зерттейтін халықаралық ғылыми-академиялық орталыққа айналмақ.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым, Түркия Республикасының Ұлттық білім министрі Юсуф Текин, Өнеркәсіп және технология министрі Мехмет Фатих Каджыр, Сауда министрі Өмер Болат, сондай-ақ Қазақстан мен Түркияның мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жаңа ғылыми кешенде Қожа Ахмет Яссауидің рухани-философиялық мұрасы, түркі дүниесінің тарихы, әдебиеті, мәдениеті, діні мен өркениеті кешенді түрде зерттеледі. Институт базасында халықаралық ғылыми жобалар жүзеге асырылып, археографиялық және текстологиялық жұмыстар жүргізіледі, сирек қолжазбалар мен тарихи деректерді жинақтау, цифрландыру және ғылыми айналымға енгізу жұмыстары қолға алынады.
Сонымен қатар, мұнда отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен халықаралық конференциялар, симпозиумдар, ғылыми тағылымдамалар мен академиялық семинарлар ұйымдастырылады. Жас зерттеушілер мен докторанттарды даярлауға, түркітану, теология, тіл білімі және гуманитарлық ғылымдар бағытындағы пәнаралық зерттеулерді дамытуға ерекше басымдық беріледі.
Алты қабаттан тұратын жаңа ғимараттың жалпы аумағы 13 мың шаршы метрден асады. Заманауи ғылыми-білім беру кешенінде Теология факультеті, Лингвистика орталығы, Түркология ғылыми-зерттеу институты, Яссауитану ғылыми-зерттеу институты, заманауи қолданбалы зертханалар, құнды қолжазбалар музейі мен көрме орталығы, түркология саласына қатысты сирек қолжазбаларды сақтауға және таныстыруға арналған арнайы көрме алаңдары орналасады.
Сондай-ақ ғимаратта 420 орындық халықаралық конференция залы, оқу және дайындық залдары мен аудиториялары, профессор-оқытушылар кабинеттері, деканат және әкімшілік бөлімшелердің кеңселері, асхана мен демалыс аймақтары қарастырылған. Кешенді шамамен 1 500–2 000 студентке арналған заманауи білім беру және ғылыми-зерттеу орталығы ретінде пайдалану жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Яссауи ғылыми-зерттеу институтының жаңа ғимараты Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) қолдауымен салынуда. Жоба Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, түркі әлемінің ортақ интеллектуалдық кеңістігін қалыптастыруға тың серпін береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1221600?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау