Алматы құрамасы күрес түрлерінен Қазақстан Республикасының Кубогында топ жарды
Алматы қаласындағы Almaty Arena көпфункционалды кешенінде өткен күрес түрлерінен Қазақстан Республикасының Кубогы өз мәресіне жетті. Елдің барлық өңірлерінен келген үздік балуандар қатысқан жарыста Алматы қаласының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.
Грек-рим күресінде 87 келі салмақ дәрежесінде Ожаев Шамиль алтын медаль жеңіп алса, 63 келіде Ардаков Еркебұлан қола жүлдеге ие болды.
Әйелдер күресінде алматылық балуандар 3 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Айнұр Ашимова (55 кг), Жаңыл Бекен (65 кг) және Жамилә Бақбергенова (68 кг) Қазақстан Кубогының чемпиондары атанды. Қаламқас Жүніс (59 кг) күміс жүлдеге ие болса, Ертөстік Алина (76 кг) қола медаль жеңіп алды.
68 келі салмақ дәрежесінде Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, төрт дүркін Азия чемпионы және әлем чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері Жамилә Бақбергенова финалда Абай облысының өкілін 18:4 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, өзінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Еркін күресте Нұрқожа Қайпанов (74 кг), Санжар Досжанов (70 кг) және Ерхан Әбіл (79 кг) Қазақстан Кубогының чемпиондары атанды. Сонымен қатар, Асыл Айтақын мен Бақдәулет Әкімжан күміс жүлдеге ие болса, Мерей Базарбаев пен Родион Анчугин қола медаль жеңіп алды.
Айта кетейік, турнир аясында Нұрқожа Қайпановқа ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің «Қазақстан Республикасының Олимпиадалық қозғалысының еңбек сіңірген қайраткері» І дәрежелі Құрмет белгісі табысталды.
Турнир қорытындысы бойынша Алматы қаласының құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-sports/press/news/details/1222697?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау