”ЖАС САРБАЗДАР МЕКТЕБІ: ДАЛАДАҒЫ ТӘРТІП ПЕН ТӘРБИЕ”
Қазіргі қоғамда әскерге бармайтын, әскери борыштан жалтарып, әскерден қашатын жастардың көбейіп бара жатқаны қоғамды алаңдатпай қоймайды. Бұл тек бір отбасының емес, тұтас елдің болашағына әсер ететін маңызды мәселе. Себебі Отан қорғау әр азаматтың қасиетті парызы. Осындай кезде жастардың бойына рух, намыс, елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін сіңіру аса маңызды.
Осы мақсатта Қазталов ауданында мектеп оқушыларына арналған «Далалық оқу-жаттығу» жиынын биыл да жылдағыдай ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты — жасөспірімдердің бойында ұлтжандылық рухты ояту, әскери тәртіпке баулу және Отанға деген адалдық сезімін қалыптастыру.
Табиғат аясындағы оқу-жаттығу оқушыларды төзімділікке, ұйымшылдыққа, батылдық пен жауапкершілікке тәрбиелейді. Мұнда оқушылар саптық дайындық, әскери жаттығулар, спорттық сайыстар мен тактикалық тапсырмалар арқылы тәжірибе жинақтайды.
Жиынның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы сөз сөйлеп, жастар тәрбиесі мен патриоттық рухтың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы, подполковник Есжан Қалдыбайұлы жас буынның әскери дайындыққа деген қызығушылығы артуы қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ ардагер ұстаз Самат Матайұлы мен лагерь басшысы Бауыржан Жанайдарұлы оқушыларды елін сүйетін, намысты ұрпақ болуға шақырды.
Бүгінгі жастар — ертеңгі ел қорғаны. Сондықтан мұндай далалық оқу-жаттығу жиындарының қашанда маңызы зор. Бұл жай ғана әскери дайындық емес, тәртіп пен табандылықтың, рух пен жігердің мектебі.
/Аудандық “Ауыл айнасы” әлеуметтік парақшасына оқу-жаттығу жиынының күнделіктері күн сайын жарияланып отырады. Жиын барысында өткен әскери дайындықтар, спорттық жарыстар, кездесулер мен қызықты сәттер туралы ақпараттар тұрақты түрде оқырман назарына ұсынылатын болады/
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау