Қарағандыда интернет-алаяқтыққа қарсы ауқымды профилактикалық акция өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Қарағанды қаласында интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған кең көлемді профилактикалық акция ұйымдастырылды.

     16 мамыр күні Қарағанды қаласы полиция басқармасының бастамасымен “City Mall”, “Абзал”, “Таир” сауда үйлерінде, сондай-ақ саябақтар мен адам көп шоғырланатын орындарда тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

     Іс-шараға мыңнан астам полиция қызметкері, әкімдік өкілдері, қоғамдық белсенділер, блогерлер мен еріктілер қатысты. Акция барысында азаматтарға қазіргі кезде кең таралған интернет-алаяқтық тәсілдері түсіндіріліп, алаяқтардың арбауына түсіп қалмаудың жолдары айтылды. Сонымен қатар патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушілерге арнайы ескерту жадынамаларын таратты.

     Қарағанды қаласы полиция басқармасының бастығы Шахназар Салиннің айтуынша, акцияның басты мақсаты — халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.

— Қазіргі таңда алаяқтар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе ұялы байланыс операторы ретінде таныстырып, азаматтарды алдаудың түрлі тәсілдерін қолдануда. Сондықтан тұрғындардың қырағылығы аса маңызды, – деді Шахназар Салин.

     Полиция қызметкерлері тұрғындарды:

     — күмәнді қоңырауларға сенбеуге;

     — онлайн несие рәсімдемеуге;

     — фишингтік сілтемелерге өтпеуге;

     — жалған интернет-дүкендер арқылы тапсырыс бермеуге;

     — банк карталары мен жеке мәліметтерін бөгде адамдарға ұсынбауға шақырды.

     Сонымен қатар азаматтарға цифрлық қауіпсіздіктің негізгі қағидалары түсіндіріліп, алаяқтардың жеке деректер мен банк шоттарына қол жеткізу тәсілдері жан-жақты баяндалды.

     Жыл басынан бері Қарағанды қаласында интернет-алаяқтық бойынша 300-ден астам дерек тіркелген.

     Киберқылмысқа қарсы күрес аясында жедел-іздестіру шаралары да күшейтілген. Соның нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері “Крыша.кз” платформасы арқылы пәтер жалға беру сылтауымен азаматтарды алдаған 26 жастағы күдіктіні ұстады. Тергеу барысында оның бірнеше эпизодқа қатысы бары анықталып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.

     Полиция мәліметінше, бүгінде күмәнді нөмірлерді анықтап, бұғаттаумен айналысатын арнайы call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Жүйе күн сайын шамамен 3 мың күмәнді қоңырауды тіркейді. Оның ішінде орта есеппен 2800 қоңырау алаяқтық әрекет ретінде анықталып, жедел түрде бұғатталады.

     Сондай-ақ жыл басынан бері бес қылмыстық іс хаттамалық тәртіппен сотқа жолданып, кінәлі тұлғаларды қысқа мерзімде жауапкершілікке тартуға мүмкіндік берілген.

     Полиция тұрғындарды интернет арқылы мәміле жасау кезінде барынша сақ болуға шақырады. Әсіресе тұрғын үйді жалға алу барысында меншік иесімен жеке кездеспей және құжаттарын тексермей алдын ала төлем жасамау қажеттігін ескертеді.

     Егер сіз интернет-алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу “102” арнасына хабарласыңыз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1222046?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version